Абай облысында ауыл клубы қаңырап тұр
Абай облысындағы Долон ауылында бір жыл бұрын қолданысқа берілген ауылдық клуб жұмыс істемей тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Тұрғындар мерекелік шараларды мектепте өткізуге мәжбүр. Себебі мәдени орталықта жұмыс істейтін маман жоқ.
Бір жыл бұрын ашылған ауылдық клубқа 80 адамға дейін сыйып кетеді. Мұнда бір жыл ішінде бір ғана мерекелік шара өткен. Ауылда өнерге қызығатын жастар көп. Бірақ шығармашылығын шыңдайтын орын үнемі жабық тұрады.
Гүлия Қаражігітова, Долон ауылының тұрғыны:
- Осында келіп, кішкене демалысын жасап, дискотекаларын жасаса. Жабық тұрады. Енді жастар қайда барады? Далада жүреді. Неге олар далада жүреді? Біз, керісінше, оларды іс-шаралар өткізуге шақыруымыз керек қой.
Алмагүл Мергимбаева, Долон ауылының тұрғыны:
- Бір жыл бұрын ашылған нысанда бір ғана мереке өтті. Әкімдікке талай барып, балаларға арналған шаралар ұйымдастыруды сұрадық. Бірақ ештеңе жасалмайды. Нәтиже жоқ.
Клубта жұмыс істейтін маман жоқ. Сондықтан бұл нысан қаңырап бос тұр. Ал мерекелік шара өткізгісі келетін еріктілерге жергілікті билік орталықты сеніп тапсыра алмайды.
Сұңғат Назаров, Бесқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы:
- Бізде маман тапшылығы болды. Қазіргі кезде ауылда мамандар аз. Бүгінгі күні бұл мәселе шешілді. Қаражат бөлінді. Алдағы айда маман келіп жұмыс істейтін болады.
Аудан әкімдігі: «келесі айда жас маман жұмысын бастайды», – деп отыр. Жергілікті билік өкілдері бұдан кейін ауылдық клубқа қатысты мәселе туындамайды деп сендірді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.