Ақтөбеде субұрқақтар істемей тұр

Ақтөбеде субұрқақтарға қатысты мәселе өзекті күйінде қалып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жаз ортасы жақындаса да, қаладағы 22 субұрқағының тек үшеуі ғана істеп тұр. Кейбірінің іске қосылмағанына 2-3 жыл өткен. Тұрғындар аптап ыстық пен шаң-тозаңнан құтылудың жолын іздегенде салқын леп беретін орынның қалмай бара жатқанын айтып налиды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл субұрқақ Ақтөбенің тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан. Бірақ істемей тұрғанына 2 жылдан асыпты. Бүгінде сәні кетіп тұр. Іші құрғап, айналасындағы қоршауы түсіп қалған.

Бұл шағынауданда бірнеше су бұрқағы бар. Бірақ бүгінде ешқайсысы істемейді. Қаланың өзге бөлігіндегі жағдай да осындай. Ал орталық саябақтағы және сулы-жасылды бульвардағы субұрқақ та істен шыққан. Тұрғындардың жиі келетін орындарындағы көріністің осындай болуы ақтөбеліктердің көңілін түсірген.

Сауалнама:

- Жаздың ортасына келдік қой енді, бұл фонтан қай уақытта істеліп болады. Жаздың ыстық күндері осы фонтанның қасына келетін едік. Кішкене әйтеуір салқындап, балалар мәз болып ойнайды. Ал қазір бір жыл болды тұрғанына.

- Қала бойынша субұрқақтар істемей тұр. Тек биыл емес, біраз болды. Іске қосылса, сәл де болса жақсы болар еді.

- Фонтанымыздың ағып тұрғанын көрмейміз күнде. Негізі Ақтөбе қаласында көптеу болғаны дұрыс қой. Көркемделіп, әсемделгені дұрыс еді қаламыздың.

Бүгінде қалада бар 22 су бұрқақтың 19-ы істемейді. Былтыр 8 фонтанға күрделі жөндеу жүргізу үшін қомақты қаржы бөлінген. Алайда мердігер мекеме жұмысты аяқсыз қалдырып, соңы әкімдікпен арадағы сотқа ұласқан. Енді субұрқақтарды қайта іске қосу үшін тағы да мердігер анықталмақ.

Бақтияр Төреш, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Толығымен күрделі жұмыс жасатуға конкурс ұйымдастырдық. Бұйырса, мердігер мекеме анықталғаннан кейін осы қалған фонтандарды жасайтын болады. Сосын 10 фонтанды біз жасатып жатырмыз демеушілік көмекпен. Енді біртіндеп қосатын боламыз, бұйырса.

Мамандардың айтуынша, биыл 4 субұрқақ күрделі жөндеуден өтеді. Ал қалғандары кезең-кезеңмен іске қосылады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.