Маңғыстауда халықаралық әскери оқу-жаттығу басталды
Маңғыстау облысында «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы басталды.
Оған еліміз бен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери құрылымдары қатысуда. Онда барлау топтары, теңіз арнайы күштері, армиялық және майдандық авиация экипаждары, артиллериялық есептоптар, шабуылдаушы және танк бөлімшелері озық тәжірибелерін ортаға салуда. Жиынға бас-аяғы 4 мыңға жуық қызметкер және 700-дей қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Оқу-жаттығу шарасы шілденің 17-сіне дейін жалғасады.
Ерік Шәкіров, ҚР ҚК Бас штабының жедел жоспарлау департаментінің аға офицері:
- ҚР ҚК Бас штабының басшылығымен еліміздің Маңғыстау өңіріндегі "Бірлестік - 2024" жедел тактикалық командалық оқу жаттығуына даярлық шаралары жоғары қарқынды өткізілуде. Қазіргі таңда ҚР ҚК Батыс өңірлік әскерлері, әскери қорғаныс күштерінің және әскери теңіз күштерінің әскерлері оқу-жаттығуды қамтамасыз ету бөлімшелер "Оймаша" полигонында, Тоқмақ мүйісінде және Жаңаөзен автомобиль жолындағы аэродром учаскесінде шоғырландырылды.