Құмар ойынның құрығы қысқарады
Банктерге берешегі бар борышкерлер енді бәс тіге алмайды.
Сол секілді мемлекеттік қызметшілерден бастап бірқатар санаттағы азаматтардың құмар ойынға қатысуға шектеу қойылды. Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау жөніндегі заңға қол қойды. Құжатта халықтың құмар ойынға тәуелділігін төмендетудің тетіктері қаралған. Жаңа заңда қандай өзгерістер бар?
Елде 700 мыңнан аса жеткіншек құмар ойындарға бәс тігеді. Бұл дегеніңіз лудомания кеселі ересектермен қатар, жасөспірімдер арасында да өте өзекті деген сөз. Ал ажырасқан әрбір 7-отбасының шаңырағының шайқалуына осы құмарлық себеп. Мемлекет басшысы құрдымға апартын құмарлыққа заңмен нүкте қоюды тапсырған еді. Мәжіліс және сенат депутаттары құжатты қайта қарап, президентке ұсынды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды.
Цитата: Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі
Бұл Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған.
Құжат аясында банктерге берешегі бар борышкерлердің бәс тігуіне тыйым салынды. Бұл шамамен 3,5 млн адам. Сонымен бірге, енді мемлекеттік және әскери қызметшілер мен құқық қызметкерлері және бюджеттік ұйымның басшылары да құмар ойындарға қатыстырылмайды.
Құмар ойындарға бәс тігуге тыйым салынады
Мемлекеттік қызметшілер
Әскери қызметшілер
Арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері
Бюджеттік ұйымдардың басшылары
Банк борышкерлері
Гулжаш Туранова, "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми практикалық институтының аға оқытушысы:
- Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Заңды бұзған жағдайда оларға қатысты келеңсіз себептермен жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.
Енді букмекерлік кеңселердің жарнамасын жасап, сойылын соғатындарға айыппұл салынады. Олардың барлық сыртқы жарнамалары алынып тасталады.
Гулжаш Туранова, "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми практикалық институтының аға оқытушысы:
- БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.
Әп-сәтте мол байлыққа кенеле қаласың дейтін лото ойындарына да бірқатар шектеулер енгізілді. Мәселен, әлеуметтік нысандарда және оларға жақын аймақтарда лотерея кеңселерін орналастыруға және билеттерін сатуға тыйым салынды. Бұл балаларды құмар ойынның құрығынан құтқарады.
Шынболат Пазыл, Ұлттық лотереяның ресми өкілі, спикер:
- Жас шетеуі 21 жастан асқан азаматтар ғана лотореяға қатыса алады деген. Одан бөлек әлеуметтік нысандардан 100 метр қашықтықтан орналасу керек. Оқу орындары бар мысалы я, мешіт деген нәрселер бар, солардан 100 м қашықтықта орналасу туралы нормаларды біз ұсынған болатынбыз және сол ұсынысымызды біздің министрлік қолдап, біз сол бойынша жұмысты бастағанбыз. Енді қазір заң қыблдынды. Бұл өзгерістер біздің мемлекетімізге үлкен пайдасын әкеледі деген ойдамыз.
Жаңашылдық мұнымен бітпейді. Энергетикалық сусындарға тәуелділік те балалар арасында өткір тұр. Бұл да құмарлықтың бір түрі. Енді оған заңмен нүкте қойылады. Яғни, 21 жасқа толмағандар үшін тауар түрі сатылмайды.
Шернияз Жалғасбекұлы