ШҚО-дағы су қоймаларына амур шабақтары жіберілді

Шығыс Қазақстан өңіріндегі су қоймаларға амур шабақтары жіберілді, деп хабарлайды 24kz.

Әдетте балықтың бұл түрі елдің оңтүстігінде кездеседі. Енді климаты салқын облысты мекендеуіне ғалымдар мен балықшылар атсалысады. Күршім ауданында екінші жыл қатарынан инновациялық жоба жүзеге асып келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ел шығысында екі мыңнан астам су қоймасы бар. Кейбірін балдыр басып, енді бірі лай балшық астында құрғаудың аз-ақ алдында тұр. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ оған тосқауыл қоюдың бір амалы бар. Ол ақ амур шабақтарын айдынға жіберу. Балықтың бұл түрі балдыр мен қамысты түбіне дейін жейді. Яғни, су қоймасын тазалауға таптырмас көмекші. Тұқы тұқымдас балық енді Бұқтырма уылдырық шашу шаруашылығында өсіріле бастады.

Сымбат Әнуарбеков, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» мекемесінің директоры:

- Ғылым қорынан біз грант алып отырмыз. Гранттың алынуы бұл негізі инновациялық жоба болып есептеледі. Осы ақ амурды жергілікті жерде, Шығыс Қазақстанда, екіншіден, рыбовод белдеуде мынадай балық түрін алу. Бұл бұрынғы кезде алынбаған балықтың түрі болатын.

Мемлекет қаржыландырған жоба 350 млн теңгеге бағаланды. Бұдан бөлек, 90 млн теңге жеке инвестиция тартылды. Қаражат шабақтар қыстайтын нысанды күрделі жөндеу үшін жұмсалды. Апаттық жағдайдағы кешенге ток беретін генератор, балықтар мен жем тасымалдайтын арнайы техника алынды.

Кешенде заманауи зертхана бар. Мұнда уылдырық алынып, түрлі зерттеу жүргізіледі. Осы арқылы мамандар тұқы тұқымдас және өзге де балықтардың қандай дертке шалдыққанын анықтайды. Шаруашылық қызметкерлері әр 10 күн сайын шабақтарды тексеріп тұрады. Қасымхан Шәбденбеков су қоймаларына жіберілетін түрлі шабақ өсірумен 50 жылдан аса айналысады

Қасымхан Шәбденбеков, кәсіпкер:

- Жанашырлық болуы керек. Енді адам баласына жаны ашиды ғой, сол сияқты жанашырлық болса, балық өседі. Ана жақта су қоймаларында бұлардың да жауы бар. Қарағаш, шағала, көк цаплялар. Солардан қорғау керек, күндіз-түні. Таңғы сағат, кешкі 7-8-ге дейін.

Мұнда ақ амурдан бөлек сазан, көксерке, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бекіре балығы өсіріледі. Қызықты әрі жауапты қызметте маман тапшы. «Жастар бұл салаға аса қызықпайды», - дейді мұндағылар.

Сәния Шәменова, кәсіпкер:

- Жастар көп келе қоймайды. Келгеннің өзінде 1-2 ай істейді де, шыдамайды. Күздің күні көп прудтар бар. Соған біздер көктемде салған балықтарды аулаймыз. Жан-жақтағы көлдерге апарғанда су кешеді. Күзде күн суытады. Балықшыларға өте ауыр.

Сарапшылардың пікірінше, балық өсіру саласындағы мәселелер кешенді түрде шешілуі керек. Бұл бағытта арнайы өңірлік бағдарлама әзірленгені жөн деп отыр. Ол жүзеге асырылса, шаруашылықта жылына 50 миллионға дейін шабақ өсіруге болады. Ел аумағындағы су қоймаларын балықпен толтыруға мүмкіндік туады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов