Алименттен жалтарғандарды жасанды интеллект анықтайтын болады
Енді табысын жасырып, алименттен жалтарғандарды жасанды интеллект анықтайды, деп хабарлайды 24kz.
Жоба сот орындаушылардың құзырында жоқ ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Қазір елде 11 мыңнан аса әйел баласына алимент төлемей жүр. Ал, баласын асыраудан қашқан әкелер саны – 281 мың. Жалпы қарыз саны 13 млрд теңгеден асады.
Отау құрып, балалы болып, бірақ кейін ажырасып кететіндер бар. Кейінгі жылдары тіпті көбейді. Ажырасқаннан кейін баласы үшін алимент төлеуге тиіс көп әке хабарсыз кетеді. Қазір тіпті баласын бағудан қашқан аналар да көбейген.
Гаухар Досжанова, Мәжбүрлеп орындату департаментінің сот орындаушыларды бақылау басқармасының басшысы:
- Бұл әйел кісілер барлық аудандарда, барлық өңірлер бойынша тіркелген. Адам баласы болғандықтан, бұл тек қара ер адамға қатысты шаруа емес қой алимент төлеу деген. Балаларынан бас тартып жатқан әйелдер болса, ер адамдар өздеріне алып қалады. Түрлі келіспеушіліктер болады. Екі жақ келісіп, баланы ер адамға немесе әйел адамға қалдыратын болса, онда екінші жаққа қатысты міндеттер орындалмаса, онда алимент төлемдерді жүзеге асыру үшін бір тарап береді сотқа. Соның негізінде әйел адамдар да борышкерлер болып табылып жатады.
Алимент төлемейтіндерді ұстау, жауапқа тарту да оңай емес. Ақша өндіру одан да қиын. Енді соттан табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарғандардың нақты айлық табысы жасанды интеллект арқылы анықталмақ. Әділет министрлігі қолға алған бұл жоба сот орындаушылардың құзырында жоқ ақпараттарды алуға мүмкіндік береді.
Гаухар Досжанова, Мәжбүрлеп орындату департаментінің сот орындаушыларды бақылау басқармасының басшысы:
- Борышкер болып танылғаннан кейін борышкер алименттік өндіріс пайда болған кезде тап-тамаша жұмыс істеп жүрген жерінен шартты түрде айтқанда жалақысы 500 мың босла, ол сот орындаушыдан қаулы алғаннан кейін оның жалақысы 80 мың болып қалады. Оны аңду, уақытымен анықтау қиындау болады. Алимент кейсі арқылы біз осындай жағдайларды уақытылы біліп, уақытылы бұған шара қолдануға мүмкіндік беретін жаңағы жасанды интеллекттің көмегімен шара қолданып жатыр.
Жасанды интеллект бұл мәселені қаншалықты шешеді, ол алдағы күндердің еншісі. Ал әзірге көп адамның алимент төлеуге құлқы жоқ. Сол себепті соттан жалтарудың түрлі айла шарғысын ойлап табады. Астана қалалық сот орындаушылар орталығы бастығының орынбасары Айбын Өтегенов «борышкерлердің алимент төлеу ақысын жалпы жалақыдан қарастырмай, нақты бір шартты сома қойса жөн болар еді» дейді.
Айбын Өтегенов, Астана қаласы бойынша Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:
- Әр балаға минималды мөлшерін көрсету керек. Яғни, бір балаға орта есеппен айтқанда жаңағы 15 АЕК, болмаса 20 АЕК беретін болса, яғни, ол жалақысын азайтып көрсетсе де, көбейтіп көрсетсе де, ол сол соманы беруге міндетті болады. Мұны жалақыға байлап керек емес. Мұны жұмысқа да байлап қоюға болмайды. Неге десеңіздер баланың ата-анасы жұмыс істесе немесе істемесе, ата-анам жұмыс істеді екен деп тамақ ішеді, жұмыс істемейді екен деп аш жүрмейді ғой.
Зарина Кәп, тілші:
- Бүгінде жұмыссызбын деп жалтарғандарды арнайы жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта 13 022 борышкердің екі қолына бір күрек табылған. Ал алимент төлеуден бас тартқан 1 875 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 55 борышкер сотталған.
13 022 борышкер жұмысқа орналастырылды
1 875 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
55 борышкер сотталды
Авторлары: Зарина Кәп, Мұрат Арипханов