Биыл 12 мың шақырым жол жөнделеді

Жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. Жол саласына қатысты жаңа талаптар келер жылы қолданысқа енуі мүмкін. Тіпті сол үшін тасжолдарда жүк көліктерінің салмағын өлшейтін 220 станция орнатылмақ. Бүгін Үкіметте жол мәселесі кеңінен талқыланды. Сала мамандары жол сапасының төмендеуіне дәл осы карьерлік жүк көліктерінің шектен тыс жүруі себеп деп, оны азайтуға қатысты жасалып жатқан амалдарымен таныстырды.

Ақтөбе облысындағы Жұрын мен Қаракөл ауылының арасын жалғайтын тасжол биыл төселген еді. Бірақ аз уақыттан соң тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылды: қазір ондағы асфальт қолмен ұстағанда-ақ үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысындағы Қоянкөз ауылының тұрғындары жол салу технологиясын сақтамаған мердігердің жауапсыздығынан мезі болып,  компанияның жұмысын тоқтатқан. Премьер-министр: «бұндай мысал көп», – деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жолдардың жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отыр. Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп. Жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк таситын карьерлік автокөліктердің жүруі негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Бұған дейін Көлік министрлігіне тиісті параметрлерге сай келмейтін ауыр техниканың жүруіне тыйым салу үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылған болатын.

Жауапты министрлік басшысы: «автожолдардың жарамсыз күйге түсуінің басты себебі – жосықсыз жүйткіген жүк көліктері», – деді. Тасымалдаушылар рұқсат етілген 25 тоннадан асатын тауарды тиеп, ереже бұзады. Тіпті елорданың өзінде нормадан 4 есе жоғары, яғни 100 тонналық жүк тасыған жүргізушілер анықталды. Ал былтыр республикалық жолдарда ірі габаритті әрі ауыр салмақты 85 мың көлік нормадан тыс жүк тасымалдаған.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Бұл жолдардың бұзылуына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты карьер иелерінің салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілігін күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді. Аталған нормаларды қыркүйек айына дейін Мәжіліске кіргізіп, 2025 жылдың басынан бастап күшіне енгізу жоспарланып отыр. Келесі жылдың аяғына дейін автокөліктің қозғалысы кезінде салмағын өлшейтін 220 станцияларды орнату жұмыстары жоспарда бар.

Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Ал ақылы учаскелерден түсетін табыс – 30 млрд теңге. Жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп отыру үшін қосымша қаражат керек. Биылдан бастап тағы 2 мың шақырымнан астам 11 жол бөлігі кезең-кезеңмен ақылы режимге көшеді. Қолданыстағы тарифті 20%-ке өсіру жайы да пысықталып жатыр. Алдағы уақытта бұл ақылы жолдарда төлемнен жалтарғандар айыппұл арқалайды.

11 жол учаскесі ақылы режимге көшеді:

Қызылорда - Арал

Ақтөбе - Орынбор

Қостанай - Тройцк

Қостанай - Денисовка

Ақтау - Бейнеу

Қандыағаш - Мақат

Балқаш - Бурылбайтал

Бурылбайтал - Шу

Үшарал - Достық

Қарағанды қ. айналма жолы

Тараз қ. айналма жолы

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Шетелдік көліктерге дәл осындай айыппұл салынады. Біздің көлік инспекциясы оларды тоқтатып, арнайы айыппұл салу алаңына апарып, қозғалысын тоқтататын болады. Шетелдік көліктер біздің елге кірген соң елден шығу үшін электронды кезек талонын алу керек. Айыппұлы бар, яғни ақылы жолды төлемеген көліктерге мүлдем берілмейді. Яғни, елдің ішіне кірген көлік ақшасын төлемегенше елден шықпайтын болады.

Биыл жол саласында бірқатар ауқымды құрылыс мәресіне жетеді. Атап айтсақ, Түркістан облысында салына бастаған еліміздегі ең ұзын – 840 метрлік автокөлік тоннелі осы айда пайдалануға беріледі. Алматы агломерациясы үшін маңызды Шамалған бекеті арқылы өтетін жолайрықта қозғалыс қыркүйек айында ашылады. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1300 метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Көлік министрі бұл 60 жылдан бері тақыланып келген әрі биыл шешімін тапқан тарихи жоба екенін атап өтті.

Авторлары: Рухани Асқар, Ақылбек Есемсейіт.