Оралдағы төрт мектепте жөндеу жұмыстары әлі басталмай тұр
Оралда төрт мектепті күрделі жөндеуге уәде берген компания жұмысты бастамай тұр, деп хабарлайды 24kz.
Орал қаласында жер қойнауын пайдаланушы компания әлеуметтік жауапкершілік аясында 4 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге уәде берген. Дегенмен жұмыс әлі басталмады, деп хабарлайды 24kz.
Жөндеуден өтуге тиіс ғимараттар босатылып, әлеуметтік нысандардың әкімшілігі 1 айдан бері мердігерлердің жолын тосып жүр. Ал білім басқармасындағылар не дейді?
Оралдағы №9 мектеп 30 жыл бұрын қолданысқа берілген. Содан бері жөндеу көрмеген ғимарат әбден тозып тұр. Есік-терезесін былай қойғанда, төбесі мен қабырғаларында жарықшақтар пайда болған. Мұнда 2 мыңға тарта оқушы білім алады. 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.
Әділбек Таңжарықов, қала тұрғыны:
- Бүгін шілденің 5-і. Жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін үлгермей қала ма деп алаңдаймыз. Жөндеу жұмыстарын неге созып жатқандарын түсіне алмай отырмыз. Жаңбыр жауғанда 4-қабаттың төбесінен су ағады. Қыста суық, электр желілері мен жылу жүйесі толығымен шіріп тұр.
Жанар Қилыбаева, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Кабинеттерді босатып, ғимаратты жөндеу жұмыстарына дайындап қойдық. Тек мердігерлердің келуін күтіп жүрміз. Қалалық білім бөлімі бізге №5 және №16 мектепті ұсынды. Оқушыларды сол екі мектепке бөлдік. Жаңа оқу жылын сонда бастайды.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында жер қойнауын пайдаланушы компания облыс орталығында тағы үш білім ошағын: №11, №17 және Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық мектепті жөндеуден өткізуі тиіс. Бұл мақсатқа шамамен 4 млрд теңге бөлген. Дегенмен ол жерлерде де жөндеу жұмыстары басталмаған.
Самиғолла Сүлейменов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Енді бұл мәселе бойынша құжаттар көктем айының аяғында ұсыныс айтылды. Ұсыныс бойынша тиісті құжаттар жинақталып, барлық жобалық-сметалық құжаттар компанияға жолданды. Толықтай мердігерді анықтау бойынша өзінің ережелері бар. Сол бойынша мердігерлерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Біздер олардың процедураларына қатыса алмаймыз.
Білім басқармасының өкілі жөндеу жұмыстары осы айда басталады деп сендірді. Апатты және үш ауысымдағы білім ошақтарының санын азайту жұмыстары осылай кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтады. Жыл соңына дейін өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 9 мектеп пайдалануға беріледі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов