Ауылдар ерекше қорғалатын аумақтан шығарыла ма?
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамындағы ауылдарды бұл тізімнен шығару мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өйткені талап қатаң. Ондағы жер телімдері жекеменшікке берілмейді. Яғни, ауыл адамдары жер учаскесіне иелік ете алмайды. Құрылыс жүргізуге болмайды. Бұл бірінші кезекте халыққа тиімсіз. «Ертіс орманы» табиғи резерватына барған Мәжіліс депутаттары бұл мәселенің Мәжілісте қаралып жатқанын жеткізді. Заң жобасы да әзірленіпті. Оны іске асыру жолдары аудан әкімдеріне түсіндіріледі. Ел бойынша 50-ге тарта елді мекен ұлттық мемлекеттік табиғи парктер мен резерваттардың аумағында орналасқан. Олардың төртеуі Павлодар облысына тиесілі.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрынғы кезде, осы ұлттық парк ұйымдастырылған кезде осы ауылдық жерлерді дұрыс шешім болмай, енгізіп қойды. Бірақ ауыл азаматтарына ол өте қиыншылық туғызады. Олар үйлерін ешкімге сата алмайды. Жер учаскелері мемлекет меншігінде. Басқа да объектілер оларды қолдану үшін, жұмыстар жасау үшін ол кедергі жасайды. Сондықтан біз Мәжілісте осы мәселені жан-жақты қарадық. Осы сот шешімдерімен шешу керек деген сондай пікір білдірдік. Енді қазір әкімдіктерге де «сот арқылы жұмысты бастаңыздар», – деп айтып отырмыз. Біз оны қарастыруға дайынбыз.