Алматылық тұрғын құмар ойынның құрсауынан қалай шыққанын айтып берді
Елімізде құмар ойынның қармағына ілінгендердің саны жылдан-жылға көбейіп барады, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың бірі оңай ақша табу үшін барса, екіншісі қызығушылықтан түпсіз торға шырмалып қалып жатыр. Әлеуметтік желінің салдарынан ойынқұмарлардың қатары жасарып, «лудомания» деген ауру түрі пайда болды. Жаңа дерттің емі бар ма?
Алматылық Ерік Жанділда мектеп қабырғасында жүргенде бәс тігіп, оңай табыстың шырмауына түскен. Кейіннен онлайн казиноға құмартып, қарызға белшесінен батыпты. Жақындарынан алыстап, жүйкесі сыр беріп, ұйқысы бұзылғаннан кейін ғана жаман әдеттен бас тартыпты. Еріктің құмар ойын құрсауынан шыққанына 5 жыл болыпты. Қазір әлеуметтік желі арқылы өзі ойынқұмарларға лудомания дертінен құтылу жолын үйретіп жүр.
Ерік Жанділда, тұрғын:
- Құмар ойынның кесірінен темекі, ішімдікке бой алдырып, күйзеліс арта түсті. Өзіме қарамайтын болдым. Робот сияқты телефонға телміріп отырумен күнім өтті. Қатты күйзеліс пен ұйқының бұзылуы денсаулыққа зиян келтірді. Дәрігерлер оң жақ көзімнің нашарлай бастағанын да айтты. Қазір емделіп жүрмін. Алайда жүйке талшықтары қайта қалпына келмейтінін білемін.
Қалалық психологиялық сауықтыру орталығының сенім телефонына лудомания бойынша кеңес сұрап хабарласатындар саны артып келеді. Бірі өз еркімен емделгісі келсе, енді бірін жақындары күшпен жатқызады екен. «Статистика бойынша елімізде құмар ойынға тәуелділердің басым бөлігі – 25-30 жас аралығындағылар», – дейді мамандар.
Сапар Рахменшеев, Алматы қ. психикалық сауықтыру орталығының директоры:
- Ғаламтордың пайдасы да бар, зияны да бар. Қазір бұл зияны осы ойынқұмарларға өте ыңғайлы жағдай жасап қойған. Олар үйден шықпай жатып-ақ, бөлмесінен шықпай отырып, ойнай береді. Бұл жерде жаман жері, мемлекеттік тұрғыда мынау жарнамаларды тоқтатуымыз керек. Мұның барлығы адамның психикасына қатты әсер етеді. Жаңағы емделіп шыққан адам өзімен-өзі күресіп жатқан адамдарға өте қатты әсер етеді.
Кеше Мемлекет басшысы лудоманиямен күрес туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес құмар ойынға қатысуға тыйым салынатын адамдар санаты арта түсті. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік ұйымдар басшылары бәс тіге алмайды. Сонымен қатар букмекерлік кеселер мен тотализаторлардың жарнамасына да тыйым салынды. Бұл шектеулер халықтың құмар ойынға тәуелділігін төмендетеді деген үміт бар.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев, Валентин Лобанов.