Семейде нөсер салдарынан үйлердің төбесінен су кетті

Семейде нөсер жауып, тұрғындарды біраз әбігерге салды, деп хабарлайды 24KZ.

Соңғы 9 жылда дәл мұндай нөсер жауын болмаған екен. Көшелерде ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Көпқабатты тұрғын үйлердің суағары істен шығып, біраз үйдің төбесінен су кетті. Мамандардың айтуынша, бір сағат бойы толассыз жауған жауын бір айлық мөлшерден асып кеткен.

Гүлсім Көзекованың Қарағайлы шағынауданында бір жылдан бері тұрады. Былтыр жазда 3 бөлмелі пәтерін күрделі жөндеуден өткізген. Бірақ кешегі нөсер үйінің қабырғалары мен еденін бүлдіріп кетті.

Гүлсім Көзекова, қала тұрғыны:

- Міне, тұсқағаздың бәрі көтерілді. Ламинаттың бәрі кепкеннен кейін көтеріліп кетеді. Мұның бәрі – қып-қызыл ақшаға келген дүние. Енді осының барлығы не болады? Білмеймін. Біресе үйдің ішін сүртеміз, біресе «подъездіге» шығамыз.

Қарағайлы шағынауданындағы 88-ші үйдің тұрғындары түні бойы жаңбыр суымен алысқандарын айтады. Тоғызыншы қабаттан аққан су жертөлеге дейін бір-ақ жеткен.

Нұржан Байжұманов, қала тұрғыны:

- Құбырлардың барлығын өтірік жасаған. Жай іліп қоя салған ғой, судың ағымына шыдас бермей, бәрі сынып, астыға түсіп кетті. Үйдің бәрін су алып кетті. Қанша адам шығынданып отыр, «ремонт» жасап, үйлеріне кірді.

Тұрғын үй инспекциясы бөлімі жергілікті халықпен бірнеше рет кездесіп, басқару органын құру қажеттігін айтқан. Мамандар: «құбыр уақытылы тазаланбаған соң осындай жағдай болды», – деп отыр. Ал құрылысқа жауапты ұйым: «бір апта ішінде бәрін қалпына келтіреміз», – деп уәде берді.

Нұрбек Бектұрар, құрылыс бөлімі бастығының орынбасарының міндетін атқарушы:

- ОСИ мен КСК сияқты органды анықтамағаннан. Ол жерде «старший по дому» ғана бар. Оның жұмысы жинау мен сантехниканы қамтиды.

Нұрқасым Берімсеков, мердігер мекеменің өкілі:

- Су толып кетіп, құбырларымызды жұлып алған ғой. Соны келіп көрдік. Енді барлығын жөніне келтіреміз. Бұл – тез жасалатын нәрсе. Мен қазір прорабқа тапсырма беремін, ол жұмысшыларын жібереді. Сосын жасап береміз.

Толассыз жауған жаңбырдан Семей көшелерінде ұзын-сонар кептеліс болды. Біраз үйдің шатыры ұшып, бірнеше аудан тұрғындары жарықсыз қалды.

Әділбек Увасилов, жолаушылар көлігі  және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- 3-4 сағаттың ішінде басты магистральды көшелерден сулар алынып тасталды. Қазір мердгірне ұйым тарапынан 20 машина жұмылдырылған. Орталық көшелерді ғана емес, сырт жақ көшелерді сору жүргізіліп жатыр.

Қала көшелерін судан тазартуға 20 техника жұмылдырылған. Коммуналдық қызметкерлер қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар бір түнде 8 мың текше метр су сорған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.