Қандыағаштың қысқа дайындығы қандай?
Ақтөбе облысында қысқы жылу маусымына дайындық жүріп жатыр.
Қазір Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласында қазандықтарды жөндеуден өткізу, тозығы жеткен жылу құбырларын ауыстыру ісі қыза түсті. Күз бен қыс айларында шаһардағы 40 мыңға жуық тұрғын мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту міндеті тұр.
Қандыағаштағы №3 қазандықта өткен айдан бері жұмыс қызу. Көп жылдан бері қызмет етіп, әбден тозған үш қондырғы алынып, орнына жаңасы қойылып жатыр. Сәйкесінше, қазандықтың қуаты да артады. Бұл нысан бір мектеп пен екі балабақша, бес көп қабатты және 160 жеке тұрғын үйді жылумен қамтиды. Қазір жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Мамандар жаңа қондырғыларды іске қоспас бұрын, сынақтан өткізіп көрмек.
Сейітжан Ықыласов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:
- Бұрыңғы қазандыққа 18 жыл болды. Ол өз міндетін атқарып болды. Ішкі трубаларының бәрі жанып, қайта-қайта ауыстырыла берді. Соған байланысты мемлекеттік бюджеттен 42 млн теңге ақша бөлініп, мына үш қазандықты алдырды. Бұл қазір 1.32 гигокалория қуат шығарады, бұрынғысынан көптеу. Көптеу болған соң жылу уақытылы барады. Уақытылы халыққа да қамтамасыз етуге, әлеуметтік мекемелерді де қамтамасыз етуге сол үшін алдық.
Мұғалжар ауданындағы Ембі мен Жем қаласындағы қазандықтарда да ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп, жылыту маусымына әзірленген. Ал Қандыағаштың қысқа дайын болуына баса көңіл бөлініп отыр. Себебі, мұндағы тұрғындар саны өзге аудандармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Әрі жылумен қамтылатын әлеуметтік нысандардан өзге, өндірістік және қызмет көрсетуші мекемелер де жетерлік.
Жандос Құлбаев, Қандыағаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы:
- Қазір қала бойынша үш жылу қазандығы бар, көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріп тұрған. Сонымен қатар, аудандық ауруханаға беріп тұрған бір қазандық бар. Сосын балабақшаға беріп тұрған. Жалпы бес қазандық бар. Бүгінгі күнге жылу маусымына дайындық Қандыағаш қаласы бойынша да жүйелі, қарқынды жүруде деп айтуға болады.
Ескірген жылу желілеріне қатысты жұмыс та қолға алынған. Бұл іске жұмылдырылған мердігер компания қыркүйекке дейін желілерді жаңартуы тиіс.
Қазір Қандыағашта тозығы жеткен жылу желілері жаңартылып жатыр. Осы жазда 6 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Қалада бар 120 көп қабатты үйдің 80 процентке жуығы орталықтандырылған жүйеге қосылған. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде шаһар 90 процентке қысқы жылыту маусымына дайын.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, 24.КZ, Ақтөбе облысы