Тараздың сейсмикалық картасы жасалады

Келер жылы Тараз қаласының бұрын болмаған сейсмикалық картасы жасалады.

– Бұған жергілікті билік 1,5 миллиард теңге бөлуге дайын. Құжатта шаһардағы барлық ғимарт паспортталып, жер қыртысы толық зерттеледі. Бұл сейсмологиялық апаттардың алдын алуға көмектеседі, – дейді мамандар.

– Жамбыл облысында ең қатты жер сілкінісі 21 жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Ол кезде көптеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар қирап, 21 адам зардап шекті. Жалпы Әулиеата өңірі 7-8 баллдық сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан ғимараттардың бәрі қайта зерделеніп, жаңа нысандар талапқа сай салынуы тиіс, – дейді мамандар.

Рахманқұл Байтелиев, ҚР құрметті құрылысшысы:

- Біздің қаламыз заманында ғимараттарының сейсмикалық мығымдығы жағынан 7-санатқа жататын. Соңғы жылдары болған өзгерістерге байланысты 8 баллдық жүйеге ендік. Сондықтан үйлер мен ғимараттар 8 баллдық дүмпуге шыдас беретіндей болып салынуы тиіс. Кеңестік кезеңдегі құрылыстардың бәрі 7 баллдық шкаламен салынды. 

Жойқын жер сілкінісі аймағына Тараз қаласы мен облыстың 8 ауданы кіреді. Мамандар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін 2021-2023 жылдары әлеуметтік нысандардың барлығын зерделеп шықты. Нәтижесінде жұмысшы топ сейсмоқауіпті 140 нысанды анықтаған. Сөйтіп оның 40-ы сүрілді.

Статистикаға сүйенсек, Жамбыл облысында жылына орта есеппен 2-3 баллдық 5 рет жер сілкінісі болады. Сондықтан құтқарушылар жыл бойы білім, медицина сынды мекемелерде жаттығу жұмыстарын өткізеді.

Дархан Жапаров, облыстық ТЖД басқармасы басшысының м.а.:

- Жер сілкінісі орын алған кезде ТЖД тарапынан халықты жер сілкінісі туралы құлақтандыру 119 электр дабыл арқылы және 134 телеарна мен 9 радиоарна, сондай-ақ арнайы автомобильдерге орналастырылған дыбыс күшейткіш қондырғыларды пайдалану арқылы жүргізіледі.

Елімізде сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Жоба аясында Тараз қаласының бұрын-соңды болмаған шағын аудандастыру картасы жасамақ. Құжатта әр нысанның қандай материалдан жасалғаны, қандай жерде орналасқаны, одан қалды адам санына дейін құжатқа енгізілмек.

Алмас Төлеубаев, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл картада біздің Тараз қаласының ғимараттары мен үйлер толық паспортталады. Және жер қыртысы тектоникалық қабаттары зерттеледі. Су деңгейі зерттеледі. Топырақтың құнарлылығы 30 метр тереңдікте, бұл ғылыми жұмыстар деп аталады. Ғылыми жұмыстарды сейсмология институты өздері жүргізеді. Біздің Жамбыл облысы аталған қаржыны бөліп, су деңгейін анықтап, бүкіл, яғни сейсмиканың алдын алады.

Бұл жұмыстар алдағы 3 жылға жоспарланған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінбек. Жалпы облыс аумағында 4 сейсмостанция бар. Алдағы жылдары сол станциялар жөнделіп, тағы 5-еуі салынбақ. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, 24.КZ, Жамбыл облысы