Ақтау халқы бірнеше тәулік бойы сусыз отыр
Ақтау халқы бірнеше күннен бері ауызсусыз отыр.
Тұрғын үйлер тіршілік нәрінен ажыратылып, техникалық су да тоқтап қалды. Аптап ыстықта аңқасы кепкен жұрт наразылығын білдірді. Осы мәселеге байланысты облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында да шағым көбейген. Жергілікті билік су тапшылығын жою үшін бірнеше жобаның іске асып жатқанын айтады.
Рыс Қилыбаева жаңадан салынған тұрғын үй кешенінде бірнеше жылдан бері тұрады. Ауыз судың жиі тоқтап қалатынын айтады. Су болмаған соң береке де жоқ-деп қынжылады.
Рыс Қилыбаева, қала тұрғыны:
- Бүгін таңертең суды береміз деді. Ал бүгін берген жоқ суды. Кешеден бері күтудеміз. Су жоқ. Міне құманмен отырамыз.
Уәде орындалмаған соң жұрт амалсыз наразылық көрсетіп, жолды жабуға мәжбүр болған. 19-шағын ауданға қарасты 43 үйдің тұрғындары мәселе күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын айтады. Басқа шағын аудандарға су кестемен беріле бастады. Бірақ оның өзі жоғарғы қабаттарға жете бермейді.
- Өткен айдың ішінде график шықты. График бойынша су нормально шығып, жүріп тұруы керек еді. Үйге келуі керек еді. Мысалы, бүгін алтыда су келу керек еді. Әлі су жоқ.
Ақтау - теңіз суын тұшытып тұтынатын Қазақстандағы жалғыз қала. Қазір өндірістік кәсіпорында 8 қондырғы жұмыс істеп тұр. Бірақ Каспий суы температурасының көтерілуі әсерінен өндірістік қуат төмендеп кеткен.
Владимир Васильев, "МАЭК" кәсіпорны департаменті директорының орынбасары:
- Ақтау қаласында күннің күрт ысуына байланысты теңіз суының жоғары температурасы байқалды. Сонымен қатар ауыз суға қажеттілік те ұлғайып отыр. Орталықтағы деңгейді тұрақтандыруымыз қажет. Ол үшін тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарап, кейбір кәсіпкерлік субъектілерінің иелері жұмыс уақытын шектесе екен деп сұраймыз.
Жергілікті билік тұрғындарға мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысты. Жалпы, Маңғыстау облысы тұрғындарының қажеттілігі үшін тәулігіне 40 мың текше метр ауызсу қажет. Оның 25 мың текше метірн ақтаулықтар тұтынады.
Әбдеш Түрікменбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ Басқармасының басшысы:
- Қазір қаладағы су мәселесін шешу үшін үлкен зауыт 20 мыңнан 40 мыңға өсіру жұмыстары міне аяқталады. Осы июль айында монтаж жұмыстары толықтай аяқталады. Алла қаласа август айының басында бергіміз келіп отыр. Содан кейін Мұнайлы ауданында да қалада да су мәселесі шешілуге келеді біздің жоспар бойынша.
Аймақта ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін 10 зауыт салынып жатыр. Нәтижесінде бір тәулікте 148 мың текше метр суды тұшытуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар мегистралдық құбырлар жөнделіп, жаңғыртудан өтуде. Сондықтан тұрғындар сәл шыдаса, су мәселесі шешіледі, дейді сала мамандары.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев