ШҚО-да энергетика мамандары үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылды

Елдің шығысында жылу-энергетика қызметкерлері үшін арнайы ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында осындай ынталандыру жобасы қолға алынды. 

Жоғары оқу орындарына бұл мамандық бойынша бірді-екілі жас қана барады. Ал қазір жылу-энергия нысандарында жүрген жұмысшылардың дені егде тарта бастаған.» Сондықтан кадр тапшылығын шешумен кешенді түрде айналысу керек», – дейді сарапшылар.

Риддер ЖЭО кезекші-инженер болып жұмыс істейтін Әділет Төстіковтің мұнда келгеніне 2 жыл болған. Алғашқы қыс ол үшін сынаққа толы өтіпті. Жиі апаттар болып, шаһардың жылу жүйесі түгел мұз құрсанудың сәл-ақ алдында қалған еді. Ол кезде Өскеменде жұмыс істеп жүрген жас маман қиын жағдайға тап болған риддерліктерге ерікті түрде көмекке аттаныпты.

Әділет Төстіков, Риддер ЖЭО кезекші-инженері:

- Қаланың ЖЭО үлкен апат болды. Үйлері суып кеткен соң тұрғындар әлеуметтік желіге бірінен соң бірі шағымдарын жариялап жатты. Мен ол кезде Өскеменде едім. Басшыларға хабарласып, Риддерге көмекке баратынымды жеткіздім. Бірден қолдады.

Өскемен ЖЭО басшылығы Әділеттің бастамасын қолдап, оны бір топ мамандармен дереу Риддерге жөнелтеді. Жүздеген адам тұрғылықты жағдай мен жұмыстың қиындығына қарамастан қаланың станциясын қалыпқа келтіруге барын салыпты. Кейін ахуал тұрақталған соң жас маман осында жұмысқа қалу туралы шешім қабылдаған. Отбасы облыс орталығында өзі осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрыпты. Енді, міне, жаңа ипотекалық бағдарламаның арқасында баспаналы болды.

Әділет Төстіков, Риддер ЖЭО кезекші-инженері:

- Мұнда келген бетте қайда орналасатынымды білмедім. Әйтеуір жалға пәтер тауып алып, сонда тұрып келдім. Жағдайым мәз болмады. Енді, міне, ипотекалық бағдарлама арқылы 3 бөлмелі пәтерді рәсімдеп алдым. Өте тиімді әрі дер кезінде ойластырылған қолдау.

Қазір Риддер ЖЭО жұмысшылар саны екі есеге көбейген. Бір жыл бұрын 117 болса, қазір штатта 230-дан астам маман бар.

Кирилл Голота, станция бас инженерінің орынбасары:

- Бізге әлі де 80-ге жуық маман керек. Әсіресе қазандық пен турбина машинистары жетіспейді. Станция үлкен. Білікті мамандар жетіспейді.

Жалпы облыс бойынша жылу-эенргетика саласына 500-дей маман қажет. Олардың жұмысы қазір өзге мамандардың күшімен қосымша істеледі. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес. Оның үстіне өңірде жаңа ЖЭО салынады. Оған да кемі 500 жұмысшы керек болады. Ал осы салаға қатысты жоғары оқу орнын өткен жылы тек 19 түлек қана бітірген. Ал биыл 10-ға да жетпейді. 5%-пен берілетін ипотекалық бағдарлама бойынша биыл 300 миллион теңге қарастырылған. Бұл энергетиктерді қолдаудың бастамасы ғана. «Осындай түрлі қолдаулар кешенді іске асуы тиіс», – дейді сарапшылар.

Нұрлан Рамазанов, облыстық ТКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- Биыл жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске асырылып жатыр. Ол бойынша комиссия құрылып, 34 мамандықты таңдадық. Осы жылу-энергетика саласындағы маман жетіспеушілік бойынша 34 мамандыққа іріктеу жасадық.

Соңғы кездері энергетиктердің жалақысы да кезең-кезеңімен өсіріле бастады. Олардың еңбек жағдайын жақсартуға да күш салынып жатыр. Ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында өңірдегі ЖЭО-ның ескірген жабдықтары 17%-ке жаңаланған. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин.