Жаркент-Қорғас жолы жөнделіп жатыр
Жаркент-Қорғас республикалық тасжолын жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жетісу облысындағы бұл бағыт кейінгі 30 жылда жаңартылмаған.
Бұрын Қытайға бет алған автокөліктің барлығы Қорғас ауылы арқылы қатынайтын. Жүк тасымалдау және жолаушылар өткізу пункті де болды. 2018 жылы елді мекеннен 2 шақырым жердегі «Нұр жолы» кеден бекеті ашылған соң қатынас сиреді. Тұрғындар: «жол қалпына келтірілсе, ауылдың экономикалық-әлеуметтік ахуалы оңалады», – дейді.
Қорғас ауылын кесіп өтетін Жаркентке дейінгі жолды жөндеу жұмыстарының басталғанына 2-3 күн болды. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Негізгі техника жеткенше мердігер ескі асфальтті қырып, қайта өңдеп, жолдың табанын бекітуге төсейді.
Бақытбек Тоқтарбаев, жоба жетекшісі:
- Құны – 1,5 млрд. Мұнда екіқабатты асфальт жүреді. Жолақтары бар. Знактары ауысады. Су өтетін көпірлер ауысады. Тротуар бар ауылдарда. Жоқ жерлерге электр шамдары қойылады. Қазір мына Хоргос көпірінен 2,5 шақырым «фрезирование» жүріп жатыр. Соны бітіріп жатырмыз. Артымыздан, Алла бұйырса, ертең асфальт бастаймыз. Халыққа жақсы болуы үшін.
Мердігер Қорғас ауылынан Панфилов ауданының орталығына дейін 32 шақырым жолды жаңартуы тиіс. Күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп сендірді. Қытаймен шекарадағы ауыл тұрғындары болса халықаралық дәліз әрі республикалық бағыттағы жолдың қайта жандануын асыға күтіп жүр.
Зина Хабирова, Қорғас ауылының тұрғыны:
- Жолды жасаймыз деп жатыр. Одан басқа «тротуар», жарықтандыру жүйесін жасаймыз деп жатыр. Соған біз қуанып жатырмыз. Осы біздің Қорғас ауылын Қазақстанның беті деп көріп жатырмыз. Соған енді жастар келіп, көп нәрселер болады деп үміттеніп отырмыз.
Нұрлан Далдыбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- 136 шақырымдай жөндеу жасалады. Аудандар бойынша бізде Қаратал ауданында, Есіккелді ауданында жасалады. Ақсу, Панфилов ауданында жасалып жатыр. Сарқандта да орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сосын біздің Балқаш көліне қарай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 110 шақырым. Биылғы жылы олар 67 шақырымға жетіп қалды. Асфальт төсемесі жасалып жатыр. Ар жағындағы Лепсіге дейін бізде 45 шақырым қалды.
Елді мекенді абаттандыру жобасы Жетісу облысындағы Жаркент-Қорғас шекара аймағы агломерациясын дамытудың кешенді жоспарына енген. Нұркент қаласы болашақта орталығы атанып, әкімшілік құрамына Атамекен және Қорғас ауылдары да қосылады. Сонымен қатар мемлекеттің қолдауымен аймақта 2030 жылға дейін 25 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Гульнар Жантасова, Олжас Байбосынов.