Абай облысындағы Долон ауылында жол жоқ
Абай облысындағы Долон ауылының тұрғындары жол сапасына шағымданып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Елді мекенге ауызсу құбырлары тартылған кезде көшелерді түгелдей қазып тастаған. Енді ой-шұңқырлы жермен жүру жергілікті халыққа қиындық туғызып отыр.
Долон ауылындағы көшелер қазылғалы 3 жыл өткен. Содан бері ауыл жолдары әлі жөнделмеген. Жаңбыр жауса, жергілікті жұрт көшеге шыға алмай қалады. Өйткені батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Вера Куликова, Долон ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бұрын біздің жолдарымыз асфальтталған болатын. Су құбырын тартқанда бәрі қазылды. Бұл сұрақпен облыс әкіміне дейін бардық. «Барлығы шешіледі, қаражат бөлінеді», – деді. Қанша уақыт өтті, ештеңе жасалмады.
Николай Орлов, ауыл тұрғыны:
- Жаңбыр жауған кезде автокөлікпен жүру мүмкін емес. Барлық жер шұрық-тесік. Тым болмаса құм, қиыршықтас сеуіп берсе екен дейміз. Осы күнге дейін құрғақ сөз бен бос уәдеге әбден тойдық.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Бесқарағай ауданынан Долон ауылына дейінгі арақашықтық шамамен 30 шақырым жер. Облыстық маңызы бар жол дегенмен, соңғы 30 жылда бұл жер күрделі жөндеу көрмеген.
Аудан әкімдігі жолдарды жөндейміз деп сендірді. Бірақ асфальт барлық көшеге төселмейді.
Сұңғат Назаров, Бесқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы:
- Енді нақты 100% осы ауыл асфльтталады деген ол қаражатқа байланысты. Бірақ құм, қиыршықтас төселеді. Нақты осы ауылдың жоспары бойынша 4-5 көше ғана жөнделеді.
Ауыл тұрғындарының жарықтандыру жүйесіне де көңілдері толмайды. Қазір 10 көшенің екеуінде ғана жарық шамдары жанып тұр.
Валентина Куликова, ауыл тұрғыны:
- Мен ауылдың шетінде тұрамын. Жарық жоқ. Жалғыз көшеге шығуға қорқамын. Бір жылдары ауылымызға қасқырлар кіріп кеткен болатын. Бәріне шағымымызды айттық. Бірақ нәтиже жоқ.
Ауылдағы жарық шамдарын ауыстыру үшін бюджеттен 1 млн теңге бөлінген. Әкімдік өкілдері: «бұл жұмыс кезең-кезеңмен атқарылады», – деді. Бұған қоса биыл Семей-Қоянбай тасжолын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.