Алматы тұрғындарының 99,6% орталық су жүйесімен қамтылады

primeminister.kz

Жыл соңына дейін Алматы қаласы тұрғындарының 99,6%-ы орталық-тандырылған сумен қамту жүйесіне қосылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл межеге қол жеткізу үшін 142 шақырым инженерлік коммуникация салынып, 48 шақырым желі жөндеуден өтеді. Алматыға жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектеновке бүгін осындай мәлімет берілді. Сондай-ақ Үкімет басшысы мегаполисті сумен қамтамасыз ететін резервтік жүйені салу барысын тексерді. Қазір ауызсу негізгі 6 көзден алынып отыр. Бұл – Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендері, Алматы мен Талғар кен орындарының жерасты су жинағышы. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин резервтік жүйе салу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалғанын айтты. Олжас Бектенов халықтың ауызсуға қол жеткізуінің маңыздылығын атап өтіп, инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ ол «сумен қамту – стратегиялық мәселе. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс істеуі – әкімдіктің басты міндеті» екенін баса айтты.