11 шілде – Дүниежүзілік халықтың қоныстану күні
Әрине, балабақшаларда орын саны артып жатқаны қуантады. Демографиялық өсімнің бір көрінісі осы болса керек. Оның үстіне бүгін – Дүниежүзілік халықтың қоныстану күні.
Айтулы дата Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 1987 жылдан бері аталып келеді.
Қазақстанда бұрынғы жылдармен салыстырғанда халық саны өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір елде 20 миллион 139 мың 914 адам тұрады. Әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 62-ші орында тұр. Сондай-ақ елімізде өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Мәселен 80-ші жылдары 66 жас болса, қазір – 75 жас.
Шынар Төлешова, демограф:
- Пандемияға дейін өмір сүру ұзақтығы артып, 2019 жылы 73 жас болды. Ал 2020-21 жылдары көрсеткіш 70 жасқа төмендеді. Бірақ 2022 жылы 74 жасқа жетті. Деңгейдің өсімі өлім көрсеткішінің азаюы есебінен болады. Негізі бұл – өте сезімтал индекатор. Себебі ол – әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы немесе нашарлауының тікелей себепкері.
Елде ғасыр асқан 702 қазақстандық бар. Оның дені – әйелдер. Мәселен, Алматыда 100 жастан асқан 162 адам тұрады. Ал Түркістан мен Қостанай облыстарында 131 қария өмір сүреді. Астанада 21 қарт ғасыр белесін аттаған.