Асыраушысы жоқ 10 мыңға жуық бала өз отбасын тапты
Асыраушысы жоқ 10 мыңға жуық қазақстандық бала өз отбасын тапты. Дәлірек айтқанда, 2013 жылдан бері 2 мыңдай отбасы осынша баланы бауырына басқан.
Дегенмен мәселе біздің елде толығымен шешілген жоқ. Әлі күнге дейін 4 мыңнан астам жеткіншек ата-ана мейіріміне зәру. Бұл туралы бүгін Астанада өткен халықаралық форумда айтылды. Қырғызстаннан, Молдовадан, Өзбекстаннан және АҚШ-тан арнайы келген сарапшылар отбасылардың кәсіби институтын құру мәселесін көтерді. Олар осылайша жетімдер санын азайтуға болады деп отыр. Бұның бір жарқын мысалы – қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған «Ана үйі». Сонымен қатар елімізде тағы бір «Балажан» атты жоба қолға алынған. Аты айтып тұрғандай, бұл бастама асыраушысы жоқ балаларға қамқорлық танытуға дайын отбасылардың жеткіншектермен байланыс орнатып, асырап алуына ықпал етеді. Жоба аясында еліміздің үш өңірінде 8 мекеме трансформацияланған.
Гүлнаш Кашкарова, «Ана үйі» ҚҚ директорының орынбасары:
- Мақсаты - жетімдіктің алдын алу, оның бір жолы – кәсіби қабылдаушы отбасыларын Қазақстанда енгізу. Ең бастысы – мемлекетімізде балалар қиын жағдайға тап болған кезде, әке-шешесінен айырылған кезде оларды біз интернатқа апармай, сол балаларды кәсіби отбасыларға апаратындай жағдай жасау. Соның аясында біздің елімізде жетімдер үйі болмайды.