ҚХА су тасқынынан зардап шеккен отбасыға пәтер алып берді
Атырауда Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккен бір отбасына пәтер тарту етті.
Ассамблея өкілдері «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында қызыл судан зардап шеккен өңірлерді аралап, нақты қолдау көрсетуді бастады. Бүгін олар ата-анасынан айырылған құлсарылық жанұяға облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Ассамблея өкілдері көктемгі тасқын кезінде Атырау облысына 40 тоннадан астам азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтар жеткізіп берген еді. Биылғы тасқыннан зардап шеккен аймақтарға Ассамблея жанынан 12 мыңнан астам волонтер көмекке аттанған болатын. Оның ішінде Атырау облысы да бар. «Жүректен жүрекке» шарасы басқа өңірлерде де жалғасады.
Рафик Мирзоев, ҚХА "Жүректен жүрекке" қорының төрағасы:
- Біздер жалпы сомасы 770 млн құрайтын 1,5 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, өңірлерге тараттық. Енді бүгін Атырауда зардап шеккен отбасына осы пәтерді алып беріп жатырмыз. Ата-анасыз қалған балалардың баспанасы жарамсыз болып қалған. Біз осы жайды әкімдік арқылы анықтап, қолдау көрсетуді ұйғардық. Міне бүгін салтанатты түрде пәтер кілтін табыс етіп отырмыз.