Ақтөбе облысында судан зардап шеккендерге 406 үй сатып алынды

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамту ісі жалғасып жатыр.

Өңір бойынша бүгінгі күнге дейін 406 үй сатып алынды. Тек Мұғалжар ауданында 53 жанұя баспаналы болды. Оларға екінші деңгейдегі нарықтан пәтер немесе үй алу үшін түрлі қорлардың бөлген 900 миллион теңгеден астам қаржысы жұмсалған. Ал аудан бойынша тасқын кезінде 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді. Бүгінде Жағабұлақ ауылында 9, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Бұдан өзге 7 баспанаға жөндеу жүргізілуде.

Әлима Нәубетова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Осындай қиын сәтте мемлекетімізден қолдау көрсетіліп, қазіргі таңда Қандыағаш қаласынан үй беріп жатыр. Бұл үйді біз өзіміздің қалауымызбен алдық. Үй жайлы кең, өте жақсы. Осындай қиын сәтте қолдау көрсеткен мемлекетімізге алғыс айтамын.