Қандыағашта аулалар абаттандырылып жатыр

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында ұзақ жыл бойы күтімсіз қалған аулалар абаттандырылып жатыр.

Тек осы жазда көпқабатты 7 үйдің ауласына асфальт төселіп, балалардың ойын алаңдары салынады. Бұл істі атқаруға тек бюджет қаражаты ғана емес, демеушілердің көмек қаржысы да жұмсалуда.

Дәл мұндай жұмыс қазір Қандыағаш қаласындағы төрт бірдей көпқабатты үйдің үйласында жүріп жатыр. Көп ұзамай тағы үш үйдің аумағында басталады. Іске жұмылдырылған техникалар ескі асфальт жабындысы мен тротуарларды қырып, арнайы полигонға жөнелтуде. Кейін аула іші қайта тегістеліп, жаңа ойын алаңы да жасақталады. Қарқынмен жүріп жатқан жұмысқа тұрғындар да үйренген.

Әзімхан Мамбетов, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Жәймен істеп жатыр, жақсы бастап жатыр. Енді жақсылап аяқтап берсе, балалардың ойнайтын жерлерін салып әдемілеп, тегістеп. Енді жақсы нәтиже болатын шығар деп ойлаймын. 

Раушангүл Қасымова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Аула енді ол бергі жағы ғой. Ендігі тілейтін тілегіміз үйдің төбесін жауып берсе. Анау күні барып, арыз жазып қайттық. бала-шағасы көп адамдарға обал ғой. Шатыр вообще жаман болып кеткен. 

Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағашта 40 мыңға жуық халық тұрады. Әлеуметтік, кәсіпкерлік, нысандарынан өзге, мұнда өндіріс ұйымдары да орналасқан. Сондықтан қала келбетін көріктендіру ісін тұрақты жүргізу, аулаларды ретке келтіру, жолдардың жағдайын жақсарту күн тәртібіндегі басты мәселе. Бүгіннің өзінде, бірнеше көшеде жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу қатар жүріп жатыр.

Жандос Құлбаев, Қандыағаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- Жалғыз осы 7 үймен шектеліп қалып жатқан жоқпыз. Дайын жобалар да бар. Дегенмен қазіргі таңда сол дайын жобаларға қаражат күтудеміз. Мысалыға айта кететін болсақ, Жастық 12, 13, 14 үйлер бар, 15-үйдің аулалары бар мысалы. Жол құрылысына келетін болсақ, бізде қазіргі таңда қаражаты бөлініп тұрған үш жобаны қамтитын бес көше бар. Мердігер анықталып, енді осы жылы толықтай бастап, аяғына дейін жеткізеді осы көшелерді.

Бұдан өзге, биыл терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде 8 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның аясында үйлердің төбесі, жылу және электр желілерін жаңарту жоспарланған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев