Қостанай жылқысының тұқымы жаңғыртылады

Қазынадан бөлінетін қаржыдан қағылғаннан бері Қостанай жылқы зауытының жағдайы мүшкіл.

Біраз жылдан бері жүргізілген қазақ қазанатын жаңғырту жұмыстары қазір тұралап тұр. Кезінде кәсіпорын иелігінде 300-ден астам асыл тұқымды Қостанай жылқысы болатын. Бүгінде соның үштен бірі ғана қалған. Енді оны қайта түлету мүмкіндігі туып отыр. Күні кеше Мемлекет басшысы «мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Жаңа зайға сәйкес, жылқыны асылдандыру бағытындағы селекция, күтіп-бағу шығындары субсидияланатын болады. Жоспар бойынша «Қазақ тұлпары» кәсіпорынында алдымен ат қораларды жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.

Диас Нұрмұхамбетов, жылқы зауыты төрағасының міндетін атқарушы:

- Заң шықты, енді қаржы бөлінсе, біз қызу жұмысқа кірісеміз. Қосымша адамдар алып, бәрін қалпына келтіруге күш саламыз. Зертхананы іске қосып, селекциялық жұмысты жандандырамыз.  Қостанай жылқы зауытын қайта жаңғыртуға шамамен бес жыл керек деп ойлаймын.