Жолдардың 3D сызбасы дайындалады

Елде автомобиль жолдарының виртуалды көшірмесі әзірленіп жатыр.

Бұл бағдарлама жол желісінің жағдайын, ғимараттарды, тротуар мен жол белгілерін, көше жоспарларын 3D форматта көрсетеді. Осылай жиналған мәліметтер арқылы мемлекетке жол қызметтері туралы есеп-қисап жасалады.

Ләззат Стамғазиева, Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Бұл жердегі басты мақсат – жол құрылысы саласын оңтайландыру. Егер мәселен белгілі бір жерлерде өзгертулер енгізу керек болса, жолға тікелей еш тиіспей оны цифрлық түрде де қарастыруға болады.

Яғни осы жүйе арқылы проблемаларды жедел анықтауға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ бір жерде жинақталған деректер базасы бір сәтте бірнеше мекемеге қолжетімді болады.

Тілеу Құрманғазы, ҚАЗЖОЛҒЗИ цифрландыру басқармасының жетекшісі, PHD:

- Әкімдіктер, министрлік біздің, былайша айтқанда сандар өтірік айтпайды дейміз ғой. Біздің жолда не болып жатқанын сол ақпараттық жүйе арқылы көре алады. Қай жерде қандай белгі, қанша белгі тұр. Жолдың ұзындығы қанша, өлшемі қанша, өзінің техникалық сипаттамалары бар. Жолдың иегеріне қажетті ақпаратты сол жерден көре алады. Сол арқылы шешім қабылдай алады, сол арқылы келер жылға жоспарлай алады.

Бұл - қажетті ресурстарды дәл болжап, шығынды азайтуға көмек. Сондай-ақ сала мамандары көше-жол желісін басқарудың бірыңғай жүйесін дайындап, елдің түкпір-түкпіріндегі автомобиль жолдарының электрондық төлқұжатын әзірлеп жатыр.

Зарина Кәп, Ғалымжан Абдылахат, 24.KZ