Өскемен-Риддер жолы жөнделе бастады
Шығыс Қазақстан облысындағы ең апатты жол жөнделіп жатыр.
Полиция департаменті Өскеменнен Риддерге дейінгі аралықта жол-көлік оқиғасы жиі болатынын айтады. Салаға жауапты министрлік мәселе шешіледі деп өңір тұрғындарына уәде берді. Қазір мердігер ұйым алғашқы 30 шақырым жолды жөндеп жатыр.
Өскемен-Риддер тас жолына соңғы рет 2015 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Содан бері 9 жыл өтсе де бұл жер жөндеу көрмеді. Өйткені қаражат бөлінбеген. Владимир Белозерский осы жолмен күн сайын өтеді, азық-түлік тасиды. Жүргізуші жүк көлігін тізгіндегеннің өзінде шұрық тесік жолмен жүру оңай емес дейді.
Владимир Белозёрский, жүргізуші:
- Жол сапасы нашар. Жүру мүмкін емес. Мен жүк көлігімен жүремін, ал жеңіл көліктерге мүлде қиын. Жолдың шетінде сынып тұрған көліктерді жиі көресің.
Мердігер ұйым алғашқы отыз шақырымды жөндеуге кірісіп кетті. Бұған республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жұмысты ұлттық жол активтері сапасы орталығы бақылайды. Мамандар жөнделіп жатқан аумақтан 25 сынама алып, 5 ереже бұзушылық анықтап үлгерді.
Саяхат Мүсәпіров, Ұлттық жол активтері сапасы орталығы ШҚО филиалының бөлім бастығы:
- Келесі жылы ары қарай 30 шақырымнан 105 шақырымға дейін орташа жөндеу жоспарланған. Биылғы жылы филиал тарапынан осы жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстарына тексеру жүргіздік. Көктеммен салыстырғанда жол сапасы жақсарған.
Алғашқы 4 шақырымға асфальт төселді. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қалған учаскелерді «КАЖсервис» компаниясының облыстық филиалы қарайды. Олар республикалық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді.
Айдын Нұралдинов, "КАЖсервис" компаниясы ШҚО филиалының бас инженері:
- Орташа жөндеу жұмыстарымен қатар біздің филиал шұңқұрларды жөндеуді өткізіп жатыр осы жылда. Ол шамамен елу шақырым жолды қамтиды. Сонымен қатар бізде отыздан астам адам жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа жолдың шетіндегі шөпті шабу, қоқысты жинау жұмыстары жүргізіледі.
«Қазавтожол» ҰК мамандары 2025 жылдың соңына дейін жол жөнделеді деп сендірді. Бұған бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Рүстем Қайратұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин, 24.KZ, ШҚО