Ақылы жолдар. Тариф тағы өсуі мүмкін

Елде кейінгі 3 жылда жол саласына 750 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Бұл негізінен республикалық маңызы бар жолдардың құрылысына кеткен қаражат. Алайда осыншама қыруар ақшаға салынған жолдар мерзімі жетпей бүлініп жатқаны жасырын емес. Оған бір себеп – ауыр жүк көліктері – дейді мамандар. Әсіресе, ақылы жолдарда жағдай көңіл көншітпейді.

БЛИЦ:

- Өмірі жөндеу жұмыстары бітпейді. Істегендері бір тегіс шыққанын көрмейсің ғой.

-Негізі ақылы дейді ғой, дұрыс па? Ақылы болуы үшін ...біз мысалы мынадай машинамен жүріп жатырмыз. Мынадай машиналарды көтермейді ол жол.

- Мысалы Көкшетаудың жолымен мұны салыстыра алмайсың. Көкшетау мен Бурабайдың арасындағы трасса ол бөлек. Қанша жыл сапасын ұстап тұрды. Ал бізде ондай емес.  

Жолдың жайын айтқан жүргізушілер жыларман күйде. Көлік иелері Алматы-Ташкент автобанынының жағдайын айтып, ашынады. Салынғанына көп бола қоймаған тақтайдай тегіс жолдың қызығын көріп үлгермедік дейді. Әсіресе Шымкенттен Өзбекстан шекарасына дейінгі аралық әжім-әжім болып үлгерген.

Санжар Сәрсенбі, техникалық қадағалаушы:

- Бұл жерде жолда пайда болған жарықтар бетон қабатында, оларды тігу арқылы қайта қалпына келтіріп жатырмыз. 37 км аралығында 1-1.5 метрдей бар. Бір жарым метрдей жарықшақтар пайда болған.

Осы жолмен күніне 22 мың көлік өтеді. Бұл – есепке ілінгені ғана. Әсіресе жаз айларында тонналап жүк артқан темір тұлпарлардың қатары молаяды. Ауыр салмаққа шыдас бермей, жол да тесіліп жатыр.

Жалпы елімізде 3 мың шақырымнан аса дәл осындай ақылы жол бар. Бір жылда олардан түсетін пайда 30 млрд теңгеге жуықтайды. Жолдарды күтіп ұстауға бұл жеткіліксіз, - дейді мамандар. Кемі 80 млрд керек. Сондықтан қазір тарифті 20 пайызға өсіру мәселесі қарастырылып жатыр. Ал ауыр жүктеріне келер болсақ, олардың салмағы 25 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ бұған пысқырып та қарамайтын көлік иелері бар. Мәселен 1 айда бекітілген нормадан көп жүк тиеген 300 жүргізуші анықталды. Олардан 100 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Ләззат Стамғазиева, Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Ең ауыр жүк көліктері жүретін өңірлерге сіз айтып кеткен оңтүстік өңірлер жатады. Бұл акция жаздың аяғына дейін созылады. Жалпы жүк көліктеріне қатысты бірнеше мәселе бар. Жүк көліктері 8 тонна осьтен асып кетсе, көктем күз мезгілдеріне шектеу қойылады. 1 ай көлемінде осындай тыйым жыл сайын енгізіледі. Әсіресе бұл сәуір-мамар айларында. Екіншісі 25 тоннадан жүк салмағын асыруға болмайды.

Биыл елде тағы 2 мың шақырымнан асатын 11 бағыттағы жолды ақылы ету жоспарланған. Алайда мұндай су жаңа жолдардың жауы – ауыр жүк көліктері болып тұр. Қараша төлеген теңгесіне тақтайдай тегіс жолмен жүргісі келеді. Сондықтан осы мәселе назарға алынса, - дейді.

Ал мамандар жол бойына арнайы жабдықтарды орнату арқылы ауыр жүк көліктерінің жолын кесуге болатынын айтады. Жыл соңына дейін еліміздегі күре жолдарға дәл осындай 200-ден аса өлшегіш құрылғы қойылады.

Назерке Тоқжан, Мұрат Әріпханов, 24.KZ