Жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылады
10 метр жолды жөндеуге асфальт тиеп әкелген ауыр жүк көлігі 10-20 шақырым жолды езіп, сиқын бұзады.
Одан әрі жолдың көбесі сөгіліп, ыдырап кетеді. Талай мәрте айтылды, көрсетілді. Бұл мәселенің аужайын Үкімет те біледі. Біраз шектеулер жасалған. Бірақ нәтиже аз. Енді қайтпек керек?
Аса ауыр жүк көліктері Қазақстан жолдарынан шығарылады. Иә, 2026 жылдан бастап тасымалдау қабілеті 25 тоннадан асатын автокөліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салынады.
Сұлтан Мұсағалиев, ҚР КМ автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүлдем тыйым салайын деп жатырмыз, заңмен. Себебі тек айыппұл сала береді деп шүйлігіп жатады ғой халық.
Бұл туралы Үкімет басшысы да баса айтты. Тіпті, Олжас Бектенов көлік министріне түбегейлі тыйымды келер жылдан бастап-ақ қолға алу керектігін тапсырды. Яғни, қозғалысы қиын, асфальтты езіп жіберетін жүк көліктерімен қоштасатын күн жақын.
Сұлтан Мұсағалиев, ҚР КМ автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта жүк көтергіштігі 25 тоннадан асатын көлік құралдары. Бір жағынан жолды салып жатса, екінші жағынан өзі салып жатқан жолды қиратып бұзып жатады. Сол себепті 25 тоннадан асатын жүк көтергіштігі бар көліктерге тыйым саламыз.
Иә, аса ауыр жүк көліктерінен жолға келетін зиян жетерлік. Шектеуді пысқырмай, шамасынан асырып жүк артып алатындар көп. Мәселен, 2022 жылы тыйым салынған жолдармен жүрген һәм рұқсат етілмеген салмақта жүк артқан 2,5 мыңнан аса жүргізушіге 399 млн теңге айыппұл салынған. Ал 2023 жылы осы секілді заң бұзған 3639 автокөлік иесі 497 млн теңге айыппұл арқалаған. Осы жылдың өзінде 1241 адам талапқа бағынбай, әкімшілік жазаға тартылған.
Сәкен Ділдахмет, "ҚазАвтоЖол" ҰК ресми өкілі:
- 2 білікті көліктерді алатын болсақ, оған рұқсат етілген салмақ – 18 тонна. 3 білікті көліктер үшін – 25 тонна. Бұдан бөлік, 3-санаттағы автобустар үшін 28 тонна, 4 білікті көліктер үшін – 32 тонна, 5 білікті көліктер үшін – 38 тонна, 6 және одан да көп білікті көліктер үшін – 44 тонна. Яғни, біздің жолдардағы ең жоғарғы рұқсат етілген салмақ мөлшері – 44 тонна.
Қазір Қазақстан жолдарындағы жүк көліктері осы талаптарды орындауға міндетті. Ал, ережеге мойынұсынбайтындар үшін жаза да, бақылау да күшейтіледі. Алда қала қақпаларына ақылды камералар орнатылады. Олар артық салмақ үшін автоматты түрде айыппұл салады.
Шернияз Жалғасбекұлы, Диас Қабыланбаев, 24.KZ