Теміржол бойында қараусыз мал көп
Теміржолдың бойы да қауіпті боп барады. Жосықсыз жүрген мал тұрмақ, адамдар да абайсызда пойыз астына түсіп қалуы мүмкін.
Шығыс Қазақстанда қауіптің алдын алу үшін малдың мойынына жарыққа шағылысатын лента тағып жатыр.
Теміржол бойында рұқсат етілмеген аумақтарды кесіп өту тыйылмай тұр. Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері 43 адамды пойыз қағып кеткенін хабарлайды. Оның 27-сі бақилық болған.
Мадияр Айтуғанов, ҚР ІІМ көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары:
- 2 факт жасөспіріммен байланысты. Ақтөбе мен Шымкентте теміржолдың белгіленбеген жерінен өтіп, соның салдарынан пойыз қағып кетіп, мерт болған жағдайлар болды.
Теміржолдың бойында малдың жайылуы – үлкен мәселе. 1200 шақырымнан асатын аумақты бақылап отырған Астана стансасының қызметкерлері мұндай келеңсіздіктің жиі болатынын айтады. Полицейлер биылдыққа мыңға тарта ірілі-ұсақты төрт түлікті иелеріне қайтарған.
Серік Тоқтыбаев, Астана стансасындағы желілік ПБ бастығының бірінші орынбасары:
- Теміржол қауіпті аймақ болып саналады. Жыл басынан бізде түрлі құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін 3600-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы 559 бабына сәйкес 2050-дің үстінде әкімшілік хаттама толтырылып, ескертулер жасалса, 71 тұлға теміржол бойында қараусыз жүрген малды баққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды.
Өкінішке қарай, қараусыз жүрген малдың кесірінен Астана бағытында пойыздар 45 рет шұғыл тоқтауға мәжбүр болған. Жалпы, түлік иелеріне алдымен ескерту жасалады. Қайталанса, айыппұл төлеуге тиіс. Теміржол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалған тағы бір амал, ІІМ мен Қазақстан теміржолы мекемесі жол картасын әзірлеген. Оған сай қауіпті аймақтарда 3000-ға жуық қоршау орнатылды.
Ал малдың иесіз жүруі – күре жолда да өзекті. Сол себепті аймақтарда жарыққа шағылысатын ленталар таратылып жатыр.
Еркін Итжанов, "ҚАЖсервис" ЖШС ШҚО филиалының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:
- Бұл акция бүкіл облыс аумағында өткізіледі. Біздің қызметкерлер, іс жүзінде, шаруа қожалықтарының барлық басшыларына осындай шағылыстыратын таспалар таратты. Бұл біздің азаматтарымызды қорғау үшін қажет.
Шығыс Қазақстан өңірінде жыл басынан бері бағусыз жүрген малдың кесірінен 5 көлік апаты болған. Салдарынан 6 адам зардап шекті. Енді мамандар малға жаппай жарыққа шағылысатын лента тағылса, түнгі уақытта апаттың алдын алуға көп көмек болады деп сенеді.
Мерей Мұратханқызы, 24.KZ