Ұлттық кітап күні бар, оқырман бар ма?
Қазақстанда кітап күні пайда болды. Енді 23 сәуір - Ұлттық кітап күні болып аталып өтеді.
Цифрлық технология дәуірі мен ғаламтор жайлаған заманда оқуға деген қызығушылық қаншалықты? Жалпы бұл күннің мәні неде?
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Бұл – Мемлекет басшысының сөзі. Ол Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Республикасында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай елімізде атаулы күндердің тізбесі тағы бір мерекемен толықпақ. Яғни 23 сәуір - Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
Мемлекеттік деңгейдегі бұл мерекенің жай ғана атаулы күн болып қалмай, көпшілік үшін пайдасы тиетін үлкен іс-шара болып өтуіне қазірден түрлі тұжырымдамалар жасалып жатыр дейді кітап ісі басқармасының бас сарапшысы Анаргүл Жомартова.
Анаргүл Жомартова, ҚР МАМ Архив құжаттама, кітап ісі комитеті кітап ісі басқармасының бас сарапшысы:
- Жалпы бұл бағдарламаның бағыты отандық әдебиетті, руханиятты қолдау, еліміздегі мемлекеттік кітапханалар қорын толтыруға бағытталған. Соның негізінде конкурстар, түрлі кітап байқаулары, сосын кітапханалар аясында, жалпы әкімдік аясында, министрлік, орталық атқарушы органдар аясында ұлттық кітап күніне орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Енді 2013-тен 2023 жылға дейін жалпы таралымы 10 млн-ға жуық кітаптар басып шығарып, таратылды.
Бұл кітаптар 9 әдебиет түрін қамтиды. Соның ішінде соңғы 10 жылда аударма әдебиеті бойынша 40 мыңға жуық кітап басылған. Ал биыл министрлік 26 аталым аударма әдебиетті 78 мың данамен басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұлардың барлығы мемлекеттік кітапханаларға оқырмандар сұранысына сай таратылады.
Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Кітапхана ашылғалы оқырмандардың саны 600 мыңға жуықтады. Ал тұрақты келетіні 56 мыңнан асты. Енді жаңадан жазылған оқырмандар деген статистика бар. Былтыр 11 400-ден астам жаңа оқырман келсе, биылғы жарты жылдықта 7 мыңға жуық оқырман. Дені жастар. Сенбі, жексенбіде үзіліссіз жұмыс істейміз. Бір сағатқа жұмыс уақытын создық. Сонда да оқырмандардың легі, керісінше салыстырмалы түрде көбейді.
Кітапханаға баратын оқырмандармен қатар, қазір түрлі клубтарға мүше кітапқұмарлар саны да көбейіп келеді. Бұл, әсіресе жастар арасында сәнге айналған. Олар кітап оқуға деген қызығушылықтарының арқасында өз пікірлестерін тауып, топ құрып, түрлі жанрдағы әдебиеттерді талқыға салады.
Ердәулет Құрал, Кітап қауымдастығының президенті:
- Біздің қауымдастық - кітап оқуды насихаттайтын ұйым. Жалпы миссиямыз - оқырман мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта бірнеше жобамыз бар. Кітап оқуды насихаттайтын жобалардың бірі – 10 күнде 1 кітап жобасы. Яғни бізде жобаға қатысушылар саны 40 адам. Дәл бүгін мысалы 15 адам жиналып отыр. 15 адам осы 10 күнде оқыған кітаптарын талқылайды.
Иә, кітап оқу туралы айтқанда оқыған дүниені түсіну, сараптау, ондағы білімді өмірде қолдана білу машығын дамытуға көбірек мән беруіміз керек дейді Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Досбергенқызы. Оның айтуынша, қазіргі балалардың оқу-сауаттылық деңгейін арттыру – өзекті мәселе болып тұр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Былтыр біз «Пиза-2022» нәтижесін қарастырдық, бізде математикалық сауаттылықтан үлкен динамика бар. Сонымен қатар ғылыми жаратылыстанудан да үлкен динамика бар. Бірақ оқу сауаттылығынан динамикамыз сол күйінде тұр. Бұл – бір. Екінші мәселе – Пирлс, яғни бастауыштағы балалардың оқу-сауаттылығы деген халықаралық тест бар, сол тестте де біздің балаларымыздың жалпы мәтінді оқып, оны түсінуі, оны қабылдауы, соған сәйкес анализ жасауы және ол алған білімді өз өмірінде қолдану арқылы сараптап талдауы қазіргі таңда әлемдік деңгейде емес.
«Артық білім кітапта, ерінбе оқып, көруге». Байқағанымыздай, осы сөз төркінін түсінетін азаматтарымыз қоғамда аз емес. Ал ұлттық кітап күнін белгілеу – елдегі кітап оқу мәдениетін одан әрі дамытып, көпшіліктің өмір салтына енгізудің бастамасы дейді мамандар.
Мөлдір Молдағали, Қали Несіпбай, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ