Толассыз жауын алматылықтарды әбігерге салды

Алматыда соңғы 10 күннен бері болған жауын-шашын мөлшері орташа айлық нормадан едәуір асып кетті, деп хабарлайды 24KZ.

Нөсер жаңбырдан соң лезде автокөлік жүретін жерасты тоннелі мен арықтар суға толып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Қаланың коммуналдық қызметі мұндай жағдайға қаншалықты дайын?

Алматыда шілде айы жаңбырмен басталды. «Бірақ мұны бұрын-соңды болмаған құбылыс деп айтуға болмайды. Себебі қала таулы өңірде орналасқан. Сондықтан өңірге тән жайт. Бұл жауын-шашынның ерекшелігі оның жиілігінде, яғни бірден қатты жауғанында болып тұр. Оның үстіне қаланың бір жеріне нөсерлетіп жауса, енді бір жеріне себелеп қана өтеді», –  дейді «Қазгидромет» өкілдері.

Дәулет Кисебаев, «Қазгидромет» РМК филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы:

- Алматы үшін бұл – қалыпты жағдай. Қала тау етегінде тұрғандықтан, фронтальды бөліктердің әсерінен мамырдан бастап шілдеге дейін күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жиі жауады. Найзағай соғады. Жел соғып, бұршақ жаууы да мүмкін. Былтырғы жазда жауын-шашын аз болды.  Ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтерілген. Ал биылғы жазымыз жаңбырлы болып тұр.

Жарты сағат нөсерден соң шаһардағы автокөлік тоннелі осылай суға толып қалған. Жаңбыр суы жаяу жүргіншілер өткеліне дейін жеткен. Жауын-шашын кезінде мұндай көріністі қаланың кез келген жерінен көруге болады. Арыққа сыймай, көшемен аққан суды, жаяу жүрген жұртшылық кешіп өтуге мәжбүр. Оны тұрғындар әлеуметтік желіде жариялап, бір-бірімен бөліскен.

Александр Сергеев, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

- Жаңбыр қатты жауғандықтан, автоматты су сорғысы істен шығып қалды. Содан кейін қолмен қосылатынын іске қостық. Бірнеше коммуналдық мекеме жұмысты бірлесіп атқарды. Рас, қала бойынша айтар болсақ, кейбір жерде арықтың арнасы тар, кейбірі тұйық, тіпті мүлде арық жүйесі жоқ жер де бар. Сондықтан жыл сайын экология және қоршаған орта басқармасы арық жүйелері мен  жаңбыр суын ағызатын кәріз желісін жаңарту жобаларын әзірлейді.

Жалпы Алматы бойынша мың жарым шақырымнан астам арық желісі бар. Оның 1200-ден астам шақырымы жаңбыр суын бұру қызметін атқарады. Бұдан өзге тағы жаңадан арық пен нөсер кәрізін салу бойынша жоба жасалып жатыр.

Еркебұлан Ұмарбек, қалалық экология және қоршаған орта басқармасы су бөлімі басшысының м.а.:

- Алматы қаласының солтүстік бөлігіндегі аудандардың барлық жерінде арық бар деп айта алмаймыз. Салынған арықтар бағыт бойынша коллекторларға барып қосылады. Коллекторлар... Жердің астында үлкен диаметрлі құбырлар болады. Соларға қосылады да, олар өзендерге жіберіледі. Жаңбырдың суы да су бұру коллекторларымен каналдарына төгіледі.

Биыл көшені қысқы және жазғы тазалау жұмыстарына 12,5 миллиард теңге бөлінген. Коммуналдық қызметке жауапты мамандардың айтуынша, бұл қаражат жеткілікті. Шаһар әкімдігі болса: «ауа райына қатысты ескертпелерге сай кезекшілік қойып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», – дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.