Шымкентте жастар жалдамалы пәтерді жекешелендіруді сұрады

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама арқылы жалдамалы пәтер алған жастар баспаналарын жекешелендіріп беруді сұрайды, деп хабарлайды 24KZ.

Осыдан 5 жыл бұрын сатып алу құқығынсыз үлестірілген 2 мыңға жуық пәтердің иелері сенатор Нұрлан Бекназаровқа осындай өтініштерін жеткізді. Себебі олар жалдап тұру мерзімі аяқталуға жақындағанда үй кезегінен шығып қалған. Енді өзге бағдарламаларға қатысу құқығынан айырылған. Сол себепті қазіргі пәтер ақысын нарықтағы бағамен ипотека арқылы жекешелендіруді өтінді. Жергілікті билік болса бұл ұсынысты мақұлдап отыр.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Шешілу мәселесі орталық органдарға байланысты. Министрлікке байланысты. Оның ішінде 2 министрілік. Солармен Үкімет тарапына түсіндіріп айтып, қолдау жасап, ережелеріне немесе бұйрықтарына өзгеріс енгізу арқылы мүмкіндігінше сол мәселені шешуге қазір келісіп тоқтадық.