Су тасқыны: Петропавлда 35 отбасы баспаналы болды
Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тағы бір легі баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа үйлер «Бірлік» шағынауданында тапсырылды.
Көктемде Жасұлан Әубәкіровтің үйі түгел суға кетіп, тұруға жарамсыз деп танылды. Содан бері пәтер жалдап келген ол бүгін баспаналы болды.
Жасұлан Әубәкіров, қала тұрғыны:
- Біз былай кішкене дөңдеу жерде тұрғанбыз. Маған келмейтін шығар дегем, балаларға шығыңдар дедім де, сағат 11 кезінде басталды, кешкі 6-да үйге су кіріп кетті. Ескі үй кішкентай үй болған. Міне, енді мына үй ұнады. Үлкен, кең екен. Жарық.
«Бірлік» шағынауданында тасқыннан зардап шеккендер үшін 700 үй салынып жатыр. Бүгін соның дайын болған тағы бір легі пайдалануға берілді. Қалғаны қазан айына дейін кезең-кезеңмен тапсырылады.
Серік Мұхамедиев, қала әкімі:
- Қала бойынша 1696 үй апатты деп танылды. Оның бір бөлігі «Бірлік» шағынауданына қоныстанады, ал қалғаны екінші деңгейлі нарықтан баспаналы болады. Қазір олар үшін 700-ден аса пәтер сатып алынды.
Бұл жер бұрын жазық дала болатын. Енді мұнда жаңадан «Бірлік» шағынауданы бой көтеріп келеді. Құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған. Әр үйге 2 жыл кепілдік беріледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Бірлік» шағынауданы толық абаттандырылып, спорт алаңдары салынады. Ал мына жерде 90 балаға арналған балабақша салынып жатыр. Әлеуметтік нысан қыркүйек айының соңында тапсырылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.