Ақтауда «Бірлестік-2024» әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Ақтауда әскери қызметшілер арасында «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның командалық-штабтық топ өкілдері қатысты. Теңіз арнайы күштерінің әскери кемелері көрсетіліп, сарбаздардың саптық шеруі өткізілді. Сонымен қатар Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Жаттығудың негізгі бөлігі 14-17 шілде аралығында «Оймаша» полигоны мен теңіз аумағында өтеді деп жоспарланған. Басты мақсат – қарулы қақтығысқа қарсы тұру үшін Орталық Азия елдерінің жауынгерлік даярлығын пысықтау. Бірлескен оқу-жаттығуға Әзербайжан қарулы күштері алғаш рет қатысып отыр.

Рамиль Гусейнов Әзербайжан Республикасы қарулы күштерінің майоры:

- Қазақстандағы бірлескен оқу-жаттығуға қатысатынымызға қуаныштымыз. Бізді жақсы қарсы алып, жайғастырды. Кәсіби беделімізді көрсетіп, барлық сын-қатерлерді алдын алуға күшімізді салатын боламыз.

Бауыржан Артықов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

- Маңыздылығы, «Бірлестік» оқу-жаттығуы біздің Қазақстанда басталып отыр. Бірінші болып. Күннің ыстығына да қарамай, біздің сарбаздар, офицерлер бірігіп, дайындықты бастап кетті.