ҚХА өкілдері тасқыннан зардап шеккен отбасына үй сыйлады

Қазақстан халқы Ассамблеясы тасқын судан зардап шеккендерге арналған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясын жалғастырып жатыр.

Бұл жолы Батыс Қазақстан облысының Перемётное ауылында үйі қираған отбасыға жаңа баспана берілді.

Көктемгі тасқын кезінде Перемётное ауылын су шайып кетті. Соның салдарынан ерлі-зайыпты Беркінғалиевтер баспанасынан айырылды. Олар 3 баласымен бірге пәтер жағалауға мәжбүр болған. Енді сол қиын күндер артта қалды. Ассамблея өкілдері оларға баспана сыйлады.

Марал Беркінғалиева, Перемётное ауылының тұрғыны:

- ҚХА бізге көмектесіп, үй алып беріп жатыр. Өте қуаныштымыз. Президентіміз биыл суға кеткен тұрғындарды баспанамен қамтуға үндеу жолдаған болатын. Үйсіз қалған тұрғындар да біздер сияқты қуанса екен деп тілеймін.

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке» жобасы шеңберінде бұған дейін Ақмола, Қостанай және Атырау облыстарында да бірнеше отбасыға баспана алып берді. «Қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсету бірлік пен ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі», – дейді ассамблея өкілдері.

Мұхтар Күлжан, ҚХА өкілі:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚХА ХХХІІІ сессиясында ассамблеяның рөлін, жасаған үлесін ерекше атап өткен. Жалдамалы пәтерде тұрып жатқан, өз үйі жоқ мұқтаж жандарға, оның ішінде құжаттармен мәселелері бар жанұяларға бөліп жатыр. ҚХА бір отбасы ретінде ешкімге көмегін аямай, еліміздің бірлігін көрсетіп отыр.

Тасқын кезінде 12 мыңнан астам ассамблея мүшесі волонтерлік қызмет атқарды. Су басқан елді мекендерге 1500 тонна шамасында азық-түлік пен тұрмыстық заттар жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов.