Ақтөбе облысында қаңырап қалған ауылдың халқы оралып жатыр

Ақтөбе облысында тұрғындары өре көшкен ауылдың қайтадан түтіні түзу шыға бастады.

Қаңырап қалған елге халық оралып жатыр. Көштің алды топырағы құнарлы алқапқа дән сеуіп, шөбі шүйгін далаға төрт түлік өсіруді көздейді.

Торыайғыр ауылына қоныс аударғандардың бірі Елена Буракова. Отбасымен аудан орталығынан келген. Отағасы мал шаруашылығында. Ірі-қара бағып нәпақа тауып жүр. Тіршілігі қайнаған қала өмірінен мамыражай күй кешкен ауылдың тұрмысы жанға жақын дейді. 

Елена Буракова, Торыайғыр ауылының тұрғыны:

- Мен ауылда туып-өстім. Сондықтан ауылдың жай-күйі мен тұрмысын жақсы білемін. Қалаға көшуді ойлаған да емеспін. Ауасы таза, мал бағуға қолайлы жерді ұнатамын. Табиғаты да ұнайды. 

Кеңестік дәуірде Черемушка аталған елді мекенде жүзден астам түтін болған. Орта мектеп пен ауыл шаруашылығына тиесілі түрлі мекеме қызмет етті. Алайда тоқсаныншы жылдары тұрғындар ауыз судан тарыққан соң өре көшкен. Тек былтырдан бері бос тұрған баспаналарды қайтадан саудалаушылар төбе көрсете бастады. 

Ирина Лобода, торыайғыр ауылының тұрғыны:

- Ауылда қазір тек су мәселесі шешілмей тұр. Жолымыз сайрап жатыр. Қыстай қар аршиды. Қатынас үзілмейді. Өмір сүруге қолайлы жер екенін ел білсе бұл ауылдың қайта гүлденеріне сенімдімін. 

Жергілікті билік су мәселесін шешуді былтыр қолға алған. Ауылға оралам деушілердің қатары артқан соң әр көшеге құбыр тартылды. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де назарда. Ауылдық округ әкімі жақын маңдағы 31 шаруа қожалығынан екі қолға бір күрек табылады деп отыр. 

Елдос Ғазизов, Құрмансай ауылдық округінің әкімі:

- Болашақта бұл ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында былтырғы жылы арнайы скважина қазылған болатын. Ауыл жанындағы башняның қасынан. Бүгінгі таңда осы шілде айында осы скважинаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. 

Торыайғыр ауылындағы бос тұрған баспаналардың құны қазір 500 мың теңгеден бір жарым млн дейін. Аудан халқын айтпағанда Ақтөбеден келіп те саудалайтындар аз емес. Дені төрт түлік өруді көздейді. Жергілікті билік болса ауылдың қайта жанданғанын ескеріп, көгілдір отын тартуға құжат әзірлеуге кіріскен. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов