Павлодар облысында орман және дала өрті азайған
Павлодар облысында орман және дала өрті азайыпты.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватында орнатылған өртті ерте анықтайтын дабыл жүйесінің көмегі тиді-дейді мамандар. Құны 2 миллиард теңгеден асатын құрылғы үш жүз мың гектарға жуық аумақты әр 10 минут сайын шолып отырады. Орман ішіне жиырмадан астам бейнекамера орнатылған. Бұрынғы бақылау мұнаралары да әлі қолданыста. Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым биыл жаз ыстық болады деп болжаған. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды.
Еліміз бойынша былтыр Павлодар облысында орман өрті көп тіркелген. Сондықтан, сақтық шаралары күшейтілді. «Ертіс орманы» табиғи резерватына алынған «ақылды» жүйе тиімділігін көрсете бастады. Мамандардың айтуынша өрт тұтанғаны туралы дабыл айналасы 4 секундта түседі. Әзірге мұндай жүйе тек екі орманды аймаққа орнатылды. Бірінші болып Бурабай мен Ертіс орманы табиғи резерватына алынды. Келесі жылы Баянауыл мен Семей орманын қамту көзделген.
Вера Ким , ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өртті ерте анықтау жүйесі осы жылдың сәуір айынан бастап іске қосылды. Бұл айтарлықтай қымбат жабдық. Радиусы 15 шақырымды қамтитын 23 үш мұнара орнатылған. Оның әрбірі 30 шақырым аумақты көріп, бейнебақылау камерасына түсіріп отырады. Бұл өте тиімді жүйе.
Бақылау орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орман алқабы алақандағыдай анық көрінеді. Аталған жүйе тек өртке қарсы қолданылмайды. Заңсыз аң аулау, ағаш кесу сияқты әрекеттер де бейнебақылау камералары арқылы анықталады.
Қазбек Әметов, Ертіс орманы табиғи резерваты бас директорының м.а:
- Бүгінгі күнге дейін 20 өрт кезеңі тіркелсе соның 70 пайызын осы камераның көмегімен анықтап, уақытында жаңағы өрт сөндірушілер барып, уақытында сөндіріп алған.
Биыл ауа райы жауын - шашынды болып тұр. Ормандағы өрттің көбі найзағайдан болып жатыр. Адами факторды да жоққа шығаруға болмайды. Ертіс орманы мемлекеттік табиғи резерваты өрт қаупі жоғары маусымға тыңғылықты дайындалды. Мемлекеттік инспекторлардың жұмысы жеңілдеген. Соған қарамастан қолданыстағы 18 өртті бақылау мұнарасында кезекшілік жалғасады. Осы жылдың маусым айынан бастап орманшылардың жалақысы көтерілді.
Қазбек Әметов, Ертіс орманы табиғи резерваты бас директорының м.а:
- Жүз пайызға көтерілді. Оны барлықтарыңыз білесіздер. Оған дейін мысалға бір тракторист 100 мың, 112 мың алса қазір 220-230 мың теңге алатын болады.
Ертіс орманы табиғи резерватында 300-ге тарта мемлекеттік инспектор қызмет етеді. Жаз маусымында ерікті өрт сөндіру жасағы құрылады. Көшет егу ісіне ауыл тұрғындары тартылады. Резерват соңғы жылдары материалдық –техникалық базаны жаңарта бастады. Биыл алғаш рет лизинг арқылы 40 бірлік техника алынады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев