Мемлекеттік қызметке онлайн орналасуға болады

Биыл «Е-qyzmet» пилоттық жобасына тағы 22 бейінді ведомство қосылды.

Соның арқасында Батыс Қазақстан облысында 9 адам мемлекеттік қызметке онлайн орналасқан.

Жарты жыл бұрын Ерік Жұматаев мемлекеттік қызметшілер қатарын толықтырды. Ол үйден шықпай-ақ-интернет портал арқылы жұмысқа орналасты. Іріктеудің үш кезенінен де сәтті өткен. Қазір бөлімнің бас маманы болып қызмет атқарады. Күн сайын өңір тұрғындарына құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, шешуге көмектеседі.

Ерік Жұматаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО департаментінің бас маманы:

- Конкурстық іріктеудін тиімділігі ашықтық және адами фактордын мүлде болмауы. Және де әділдік. Үміткер ыңғайлы уақытты, ыңғайлы күнді таңдайды. Ең тиімдісі ешқайда барып құжат тапсырудын қажеті жоқ. Барлығы интернет порталда онлайн өткізіледі.

Осындай тиімді жоба аясында аймақта тағы 8 адам жұмысқа онлайн орналасты. Интернет порталдағы жаңашылдықтар үміткерге зор мүмкіндік береді. Департамент басшысының айтуынша, егер бұрын конкурстық іріктеу бір айға жуық созылса, қазір он күннің ішінде шешіледі. Қажетті құжаттар саны да қысқартылған.

Мұрат Байсалов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО департаментінің басшысы:

-Құжат тапсыру рәсімінен бастап, тестілеу рәсімі әңгімелеу сатысының бәрі видео байланыс арқылы жүргізілетін болады. Бұл өз кезегінде үміткерлерге уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және кез келген жерден, кез келген уақытта тестілеу мен әңгімелеу сатысына қатысуға мүмкіндікке ие болады. Бұл өз кезегінде платформаға кірген үміткерге ID номер беріледі. Сол арқылы конкурсттық рәсімдерді өтеді.

Қазір өңірде мемлекеттік қызметте төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. Десе де, әлі 165 орын бос тұр. Сала мамандары іріктеудің жаңа форматы кадрлық мәселелерді шешіп, сапалық құрамды жақсартуға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

Абзал Балтабаев, Альбина Кумарғалиева, Ербол Мендығалиев, Эльдар Аюпов