Ойыл ауданында тасқыннан зардап шеккендерге 178 үй салынып жатыр

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 178 үй салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар, Шығанақ Берсиев, Бестамақ және Ойыл ауылдарында құрылыс қарқын алған. Сең соғып, су бұзған баспаналар толығымен дерлік сүріліп, жаңадан тұрғызылып жатыр.

Әзірге Қаратал ауылының халқы киіз үйді паналап отыр. Мұндай ақ отау әр аулада бар. Жауын-шашыннан пана болатын дәстүрлі баспана заманауи материалдардан жасалған. Сондықтан тұрғындар қолайсыз екенін айтып отыр.

Қарлыға Оспанова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Мына кондиционер қоспаса, қазір енді күн 3-4 күннен бері ыстық басылып тұр. Ыссы болғанда мүмкін емес палаткаға да, ағаш үйге кіру де мүмкін емес. Енді жағдайы келген адамдар кондер қосып тұрып жатыр.

Ауылдағы құрылыс су тартылып, жер кепкен соң басталған. Бірінші кезекте үйінді боп қалған үйлердің орны тазартылып, қажетті материалдар жеткізілді. Бүгінге дейін 129 баспананың іргетасы құйылып, 90 ғимараттың қабырғасы тұрғызылды. Құрылысшылар 40-қа жуық үйдің шатырын жауып қойған. 20-дан астамында ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қаратал ауылы үлкен құрылыс алаңына айналған. Қазір мұнда әрбір көшеде ондаған баспана тұрғызылып жатыр. Су тасқыны кезінде мұнда 131 үй қирап, тұруға жарамсыз болып қалған еді.

Берік Оспанов бөгетті бұзып, ауылды жайлаған судың деңгейі терезенің ернеуіне дейін жеткенін айтады. Саманнан салынған үйі шыдас бермей, бірден қираған. 45 жыл пана болған баспананың орнына енді жаңасы тұрғызылып жатыр.

Берік Оспанов, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Құрылыс деген енді мынау бір айдың турасында басталды. Жұмыс жасап жатыр. Енді ризамыз, әрине, өкпе жоқ. Жігіттер тамыздың 15-іне бұйырса бітіреміз деп уәде берді. Ұсақ-түйектер ғой бізден сұрайтыны. Сонысына көмек беріп тұрмыз.

Айтуған Жұмағалиев, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- 4 үй қаланып жатыр қазір, енді үшеуі қалды көтерілетін. Біріне дейін барлық үйдің төбесі жабылып, терезесі салынып тұрады. Ішіндегі әрлеу жұмыстары ғана қалатын болады. Материал барлығы жеткілікті, ешқандай задержка жоқ. Өретін 20 адам жүр. Төбеге бөлек адам келеді, ал ішінің жұмыстарына басқа бригада келеді.

Ойыл ауданында қазір ондаған құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысына бірнеше үй салу міндеті жүктелген. Басты мақсат – тасқыннан зардап шеккен тұрғындар оқу жылын су жаңа баспанада қарсы алуы тиіс. Айта кету керек, қарғын су бұл өңірде 328 үйді қиратқан болатын. Бұған дейін 21 үйді қайта жөндеуге қаражат бөлінсе, 129 отбасы дайын баспананы сатып алды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов