Астана – Милан бағытында тікелей әуе рейсі ашылды

Neos әуе компаниясы Астанадан Миланға қатынайтын тікелей рейстерді ашты, деп хабарлайды 24kz.

Енді жолаушылар Италияға еліміздің екі бірдей қаласынан ұша алады. «Жаңа әуе бағыты екі ел арасындағы халықаралық және сауда-экономикалық қатынастардың нығаюына сеп болады», - дейді мамандар.

Астана – Милан бағытындағы рейстер Boeing 787 ұшағы арқылы жүзеге асырылады. Бүгін елорда әуежайынан алғашқы 35 жолаушы аттанды. Бұған дейін Италияға тек Алматы қаласынан ұшу мүмкіндігі бар еді. Екі рада барыс-келістің артуына байланысты арадағы жалғыз әуе бағыты жеткіліксіз бола бастаған.

Ермек Күміспаев, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» ақ басқарма төрағасының коммерция жөніндегі орынбасары:

- Мұндай қадам мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға және туризм кластерінің дамуына ықпал етеді. Жаңа бағыт бойынша сұраныс жоғары. Қазір халықты ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Рейстің ашылу рәсіміне Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Марко Альберти арнайы келді. Ол жаңа бағыттың қос ел арасындағы мәдени, инвестициялық, туристік және білім беру жобаларын одан әрі дамытуға серпін береріне сенім білдірді.

Марко Альберти, Италияның Қазақстандағы елшісі:

- Италия мен Қазақстанның байланысы нығая түсті. Жаңа бағыттың ашылуы біз үшін қуанышты жаңалық. Жыл сайын Италияға жүздеген адам түрлі мақсатта барады. Қазақстанға келушілер де көп. Олардың қатарында, кәсіпкерлер, демалушылар, студенттер бар. Енді екі ел арасында қатынау жеңілдей түсті.

Neos авиакомпаниясымен серіктестік қарым-қатынаста болу еліміздегі азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларының дамуына да оң ықпал береді. Шет мемлекеттерге әуе бағыттарының саны жыл санап артып жатыр. Ынтымақтастыққа бағытталған кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мадияр Қындыбаев