Жезқазғанда үйлер реновация бағдарламасы бойынша жаңартылады

Жезқазғанда 3 жыл бойы тоқтап қалған реновация бағдарламасы қайта жанданды, деп хабарлайды 24KZ.

Соған сәйкес облыс орталығында көпқабатты 138 ескі үй сүріліп, орнына жаңасы тұрғызылады. Өңірді дамытудың кешенді жоспарына сай бұл жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталады.

Некрасов атындағы көшеде орналасқан бұл үйлер 70 жыл бұрын салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгілген ағаш үйлер құлаудың шақ алдында тұр. Апатты деп танылған үйлерге пәтер иелері кооперативі ешқандай қызмет көрсетпейді. Әр күнін үреймен өткізген тұрғындардың ендігі үміті – реновация бағдарламасы.

Күлжиан Түбекова, қала тұрғыны:

- Түнде оянамыз. Өйткені тарсылайды. Үй отырып жатыр деген сөз. Мердігер мен жоқта келіп кетіпті. Көршілерге: «құжаттарыңды дайындаңдар», – деп айтыпты. Дайындап қойдық. Енді сол мердігерді күтіп отырмыз. Анау күні хабарласып, «фундементті құя бастаймыз, сол кезде келем, сонда келісімшарт жасайсыңдар», – деп айтыпты. «Осындай үй береміз», – дейді. 2 бөлме ме – 2 бөлме, 3 бөлме ме – 3 бөлме.

Реновация бағдарламасына бюджет қаржысы жұмсалмайды. Жұмыстар тұрғындар мен мердігер арасында жасалған келісім негізінде орындалады. Апатты ғимарат сүріліп, орнына жаңасы салынады. Бағдарлама аясында алғашқы үйдің қазығы қағылды. Бұл жерде 7 қабатты баспана тұрғызылады. Яғни, мердігер тұрғындарға жаңа пәтер беріп, қалғанын коммерциялық бағытта сатып пайда табады.  

Дәулет Әбден, мердігер компания өкілі:

- Қазіргі таңда мұнаралы кранның катлованы жүргізіліп жатыр. Содан кейін жер қазу жұмыстары басталады. Жұмысқа еш кедергі жоқ. Қазіргі таңда жұмысқа 5 адам жұмылдырылды. Уақыт келе адам саны тағы көбейтіледі.

Жезқазғанда реновация бағдарламасы 2021 жылы басталған. Бірақ инвесторлардың болмауынан тоқтап қалды. 3 жыл ішінде тек үйлері апатты деп танылған 140 отбасыға жаңа пәтер немесе өтемақы берілді. Жалпы қала бойынша реновация бағдарламасына 138 ескі үй енгізілді. Бұдан бөлек, 31 апатты үй бар. Оның 8-і ғана жөндеуге жарамды.

Алиса Сағымбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Абай көшесіндегі, Байқоңыров көшесіндегі апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып жатыр. Инвесторларды әкімдік іздестіріп жатыр. Қызығушылық көрсететін мердігерлер болса, тұрғындармен кездестіріп, оларға көмек көрсететін боламыз. Жер телімі босағаннан кейін бағдарлама бойынша көппәтерлі тұрғын үйлер салынуы керек. Басқа ешқандай мақсатқа берілмейді.

Жалпы Жезқазғанда 660 көпқабатты үй болса, соның 234-і ескі.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.