Ақтөбе облысында 48 мектеп пен 15 мәдениет нысаны жөнделеді
Биыл Ақтөбе облысындағы Қаракөл ауылында мектеп мен мәдениет үйі жаңа кейіпке енеді, деп хабарлайды 24KZ.
Бір ескерерлігі, өткен ғасырдың 50-70-ші жылдары салынған ғимараттарды толық жөндеу кезінде бастапқы сәулеті сақталады. Жалпы Мұғалжар ауданында жыл соңына дейін 10-ға жуық әлеуметтік нысанды жаңарту жоспарланған.
Қаракөл ауылындағы мәдениет үйі 1972 жылы ерекше сәулет өнерімен салынған. Қабырғасы қалың, терезелері үлкен, жүздеген көрерменге арналған еңселі ғимарат – елді мекендегі басты нысандардың бірі. Сондықтан күрделі жөндеу жүргізіп жатқан мердігерлерге бастапқы сәулетті ерекшелігіне нұқсан келтірмеу туралы талап қойылды. Ал сыртқы келбетін өзгертуге қатысты мәселе әлі шешілмеген.
Медет Мұхамбетияров, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Біраздан бері жөндеу көрмегені көрініп тұр енді. Мына төбесі, мысалы, гипс болып еді, алып тастадық. Анау-мынау қисық жерлері тартылып жатыр. Гипсокартонмен тегістеледі бүкілі. «Перегородкалары» бар. Есіктері бар, соның бәрін істейміз ғой. Материалдар уақытында келіп тұр.
Ауыл мектебі бастан-аяқ жөндеу көреді. Талай шәкірт тәрбиелеген білім ұясының іргетасы 64 жыл бұрын қаланған. Осы күнге дейін тек қана ағымдағы жөндеу жасалып келді. Ал бұл жолы екі оқу ғимаратымен қоса интернаты да жаңартылады. Қабырғалары қосымша кірпішпен көтеріліп, жаңа шатыры болады.
Ләззат Бердібаева, Қ. Жұбанов атындағы ауылдық округінің әкімі:
- Біз бірінші бірінші корпусын толық жөндеуден өткізіп, аяқтап аламыз. Балалар қыркүйек айында сол корпуста оқиды. Одан кейін екінші корпусты мердігер компания асықпай тапсырады. Интернатта 4 бала жатып оқиды. Бұл – Ащысайдан, Жаңатұрмыстан келген балалар.
Бахраман Аманжол, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Аудандағы жалпы білім беретін білім беру ұйымдары – мектептер, балабақшалар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар ауданымызда 7 жалпы білім беретін мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы Ақтөбе облысы бойынша биыл 48 білім беру және 15 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 9,5 млрд теңге бөлініп отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.