Елімізде биыл орман өрті 2,7 есе азайды

Күн ысыған сайын өрт қаупі де артады. Синоптиктер биылғы жаздың ыстық болатынын ескерткен, деп хабарлайды 24kz.

Осы тұста өрт сөндірушілер де тілсіз жауға қарсы тұруға дайын.

Зарина Кәп, тілші:

- Жаз басталғалы бері елде 146 орман өрті тіркелген. Мамандардың айтуы бойынша бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,7 есеге төмендеген. Сондай-ақ 4300 гектардан асатын дала өрті болған.

Аспандияр Сапарғалиев, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Орман, дала өртінің алдын алу және жою мақсатында қазіргі таңда су төгетін құрылғылармен қамтамасыз етілген әуе кемелері кезекшілікте тұр. Сондай-ақ төтенше жағдай министрлігінің күштерімен 31 орманшылықтарда механикаландырылған мобильді топтар кезекшілік жүргізуде.

Жалпы елде өрт шығу ықтималдығы жоғары орманды алқаптар бар. Оның қатарына Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Абай облысында кездесетін қылқанжапырақты орман алқаптары кіреді.

«Өрттің шығу себебінің 90%-і табиғи құбылыстардан»,  дейді мамандар.

Ринат Нургазин, Экология және табиғи ресурстар министірлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің маманы:

- Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі Ахуалдық орталық құрылуда. Ахуалдық орталықтар Астана қаласында болады. Негізгі басты мақсаты – бұл қазіргі таңда Ертіс орманы резерватында, Көкшетау ұлттық паркі, Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман өртін ерте анықтау жүйесі орналасқан. Арнайы мұнаралар орналытылған. Олардың үстінде камералар бар. Ол камералар орман өрті шыққан жағдайда жедел түрде орталық диспетчерлік қызметке өз сигналын береді.

Бүгінде орман өрт сөндіру станцияларында 1145 бірлік техника бар. Сонымен қатар ел бойынша былтырғы жылы жаңадан 25 өрт сөндіру автомашинасы, 51 шағын орман өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдык автомашина, 655 бірлік өртке қарсы жабдықтар алынған. Әр өңірде арнайы мобильдік топ бар.

Аспандияр Сапарғалиев, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шаралараны жүргізу мақсатында мемлекеттік өрт бақылау, орман шаруашылығы мекемелерімен және полиция қызметкерлерінің қатарынан 800-ден астам мобильдік топтар құрылды. Министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1300 қызметкері оқытылды.

Қазір осы мобильды топтар арнайы рейд жүргізуде. Осы уақытқа дейін өрт қауіпсіздігін бұзған 4500 астам адам әкімшілік жауапкерішілікке тартылды.

Авторлары: Зарина Кәп, Өрден Жарқын