Қазақстан мен Өзбекстан су тарату учаскелеріне автоматты жүйе орнатады
Қазақстан мен Өзбекстан су тарату учаскелерін цифрландыру мен автоматтандыруға бірлесіп ден қояды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мәселе таяуда Алматыда өткен үкіметаралық комиссия отырысында талқыланды. Оның барысында су саласының айрықша маңызы ескеріліп, саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары пысықталған. Қазір Орталық Азиядағы тіршілік нәрінің жетіспеушілігі – ең өзекті мәселе. Оны тиімді пайдалануға бағытталған бастамаларды сарапшылар құп көріп отыр.
Қазақ пен өзбектің ежелден дария бойында қалыптасқан тұрақты кәсібі бар. Тіршілік нәрімен тікелей байланысып, біте қайнасып жатыр. Сырдың жоғарғы сағасында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан да сол судың игілігін көреді. Алайда кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың 30%-і еріп кеткен. Су қоймаларына бұрынғыдай ірі мөлшерде тіршілік нәрі жинақталмайды. Мамандардың айтуынша, мәселеге айрықша ден қойылып, жеткілікті көңіл бөлінбесе, мұздықтардың жартысы жойылып кетуі мүмкін. Жаһандық жылыну процесі салдарынан олар тез еріп, таулы аймақтарда сел жүру қаупін үдете түскен.
Равшан Назаров, су саласы бойынша сарапшы:
- Орталық Азияда су-энергетикалық консорциум құру жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бастама аймақ көшбасшыларының кеңесінде де айтылған. Сондай-ақ бұл бағыттағы проблемаларды бірлесіп шешу керектігі ұсынылған. Қазір барлық мемлекет осыған күш жұмылдырып жатыр. Дегенмен, мәселе жылдар өткен сайын ушығып барады. Тау мұздықтары біз болжағаннан да тез еруде. 2030 жылға қарай Орталық Азия су жетіспеушілігінің ең күрделі кезеңіне тап болуы мүмкін. Сондықтан кей сарапшылар қауымдастығы Сібір суын аймаққа бұру жобасына оралу керектігін ұсынып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Орталық Азияға ортақ стратегия қажет. Яғни, әр мемлекет жеке дара емес, керісінше, бірлесіп әрекет еткені жөн. Осы ретте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үш жақты негізде қолға алған «Қамбар ата» гидроэлектрстанциясының құрылысы ілкімді істің бірі саналады. Соңғысы суды вегетациялық кезеңге жинақтап, ысырап етуге жол бермейді. Тағы бір маңызды міндет – су тарату учаскелерін цифрландыру. Сол арқылы мемлекетаралық каналдарға есептегіш құралдарды көбірек орнатып, нақты деректерге қол жеткізуге болады. Әзірге мұндай тәжірибе Өзбекстан мен Тәжікстан арасында жүзеге асқан. Енді біздің мемлекет те оңтүстіктегі көршімізбен бірлесіп, өзен бойына автоматты құрылғылар орнатуды көздеп отыр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл істе қос мемлекеттің өзара келісімге келуі мамандарды қуантып отыр. Себебі автоматты жүйелер арқылы ашықтық қағидасы сақталады. Су саласының өкілдері дария немесе канал арқылы жоғарыдан келетін тіршілік нәрінің нақты мөлшерін біле алады. Бұған дейін оны дәлме-дәл анықтау қиынға соғатын.
Авторы: Рауан Мыңбаев