Мердігер компаниялар жолды 7 жыл бойы күтіп ұстауға міндеттеледі
Енді мердігер компаниялар жолды 7 жыл бойы күтіп ұстауға міндеттеледі, деп хабарлайды 24kz.
Бұл амал құрылыс жобасын өзі әзірлеп, жолды өзі салған мердігерлерге қатысты. Мамандар осы арқылы саладағы сапа мен бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүдделі.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл – елордадағы Р.Қошқарбаев көшесі. Екі жыл бұрын орташа жөндеуден өткен жолдың бір учаскесі тағы шұрық-тесікке айналды. Мердігер компания кепілдік мерзіміне сай, асфальтты кері жамап үлгерген. Жоба жетекшісі кеткен кемшілікті тиісті нормадан артық жүк тиеген техникалармен байланыстырып отыр.
Ғалым Жасыбаев, «Сотис-групп» ЖШС жоба жетекшісі:
- Технологиялық ешқандай бұзушылық болмады. Қабылдап алды. Лабораториялық зерттеу өткізілді жұмыс бабы біткеннен кейін. Үлкен машиналар жүреді. Солар күннің ыстығында, әсіресе, бағдаршамға жақындағанда тежеуіш қолданып, салмақпен жолға қысым жасап, күннің ыстығында езіп жіберуінің арқасында деп ойлаймын.
Жыл басталғалы бері мердігер ұйымдар 900 млнға жуық теңгеге жолды қайта реттеген. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесіне жосықсыз компанияларға қатысты 7 өтініш жолданған. Мәжіліс депутаты салада жиі олқылықтарды болдырмас үшін талаптарды қатаңдату қажет дейді.
Болатбек Нәжіметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен ойлаймын, сапасы жоқ па, алып тастау керек. Ол үй сияқты ғой. Бізде жол туралы заң мен астындағы қағидасы екеуі екі түрлі. Астындағы қағида үстіндегі заңға қарама-қайшы келмеу керек. Соны қарама-қайшы қып, кейбір жерлерде, мысалы, топырақ жатқан жерге, ірі тас жатқан жерге, гравийный жерлерге жолдың құрылысын жүргізудің орнына, біз жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ол дұрыс емес.
Көлік министрлігі құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту үшін жаңа тәсіл енгізілгенін хабарлады. Енді мердігерлер жолдың жобасын өздері дайындай алады. Есесіне, сол жолды қысы-жазы күтіп-ұстауға міндетті болады.
Жамбыл Бақтияр, ҚР Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
- Қарағанды – Жезқазған, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Ақтөбе – Ұлғайсын деген 3 жобаны Президенттің тапсырмасына сәйкес іске асырып отырмыз. Ол жерде Президент қалай айтты: жобалардың бәрін ЕРСМ, яғни, өзі жобалайтын, өзі іске асыратын және өзі салатын мехнизммен істеу керек. Бұл жерде барлық жауапкершілікті мердігерлерге берейін деп отырмыз. Сондықтан кепілдік мерзімін 7 жылға дейін созып отырмыз.
Алдағы уақытта бұл әдіс кеңінен қолданылып, конкурстардың негізгі талабы ретінде бекітіле бастайды. Онда мердігер ұйымдардың қысы-жазы дайын тұратын жеке техникаларының жеткілікті болуына ерекше мән беріледі. Бұл өз кезегінде компаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыра түспек.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов