Нарықта отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 20%-тен төмен
Нарықта бар отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 20%-ке де жетпейді, деп хабарлайды 24kz.
Ал өндіріс барысында қазақстандық шикізат мүлде пайдаланылмайды. Бұл дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит барысында белгілі болды. Сондай-ақ фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Ал сатып алуларды сапасыз жоспарлау салдарынан құны 280 млн теңгеге жуық мерзімі өткен дәрі-дәрмек есептен шығарылған.
Баға саясатына қатысты олқылықтар да анықталды. «Нақтырақ айтқанда, министрлік шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесі үстіне жүздеген пайыз қосып сатуға негізделген», - дейді Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов. Бұдан бөлек, аудиторлар «СҚ-Фармация» серіктестігінің де жұмысын қатаң сынға алды. Бұл компания кейбір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40-365%-ға жоғары бағамен сатып алған. Барлығына 8 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жалпы аудит қорытындысы бойынша салада 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған.
Тілеген Каскин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі
- Бұның ішінде тиімсіз жоспарлау 2,8 млрд, қаржылық бұзушылықтар 538 млн, активтерді тиімсіз пайдалану 385 млн теңгеге жетеді. Құқықбұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді. Ал аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.