Қарағанды – Балқаш жолында көлік қозғалысы 4 жолақ бойынша ашық

Қарағанды – Балқаш автобанының Қарағанды – Ақбастау учаскесіне жататын 50 шақырым жолында құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Көлік қозғалысы 4 жолақ бойынша ашық. Күре жол құрылысы толық биыл жыл соңына дейін бітуі тиіс.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қарағанды – Балқаш автобанының жалпы ұзындығы 363 шақырым. Құрылыс 8 учаскеге бөлінген. Бұған дейін бұл жолда көлік қозғалысы тек екі жолақпен ғана жүзеге асырылды. Міне, бүгін Қарағанды Ақбастау учаскесіне жататын 50 шақырым жол толық ашылып отыр. Жалпы бұл автобанмен тәулігіне 18 мың көлік жүріп өтеді. Ал демалыс күндері 2 есе көп,

Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Бұл жұмыстар жылдың аяғында бітуі тиіс учаске еді. Бүгінгі күні соны ертерек тапсырып жатырмыз. Бұл учаске 1-і техникалық категориялы. 4 жолақты болып табылады. Жобада барлық қауіпсіздік шаралары түгелдей дерлік қаралған.

Қарағанды – Балқаш жолының құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Құрылыс кестеден кешікті. Орталық – Оңтүстік дәліз саналатын күрежол еліміз үшін үлкен маңызға ие. Қазір жол бойында 6 асфальт-бетон зауыты бар. 450 техника мен 700 адам жұмылдырылған. Жол бойында 46 көпір және өткелдер салынған. Сондай-ақ 18 санитарлық бекет болады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар