Депутаттар Қызылорда облысындағы жер мен су мәселесін көтерді

Қызылорда облысында салынып жатқан Руханият орталықтары биыл қолданысқа берілуі тиіс, деп хабарлайды 24KZ.

Музей, кітапхана және неке қию залы біріктірілген әмбебап кешендерді тұрғындар тағатсыздана күтіп жүр. Жергілікті қазынадан 11,5 миллиард теңге жұмсалатын нысандардың құрылысымен Парламент және Сенат депутаттары танысты.

Сонымен қатар халық қалаулылары Сырдария ауданындағы «Жалын» тынығу лагерінде болды. Жылына 600-ден астам оқушы демалатын сауықтыру кешені күрделі жөндеуді қажет етеді. Тамызда мұнда құрылыс жұмыстары басталады. Депутаттар шаруашылықтар арасындағы жер бөлінісіне қатысты мәселелерге ден қойып, өңірдегі су мамандарының тапшылығын тез арада шешу қажеттігін тілге тиек етті.        

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Су мамандарын даярлауды орталықтандырып, белгілі бір университеттердің базасында жаңадан қалыптастыру. Жалпы осы саладағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын өңірлерлік деңгейге дейін жеткізу. Өңірдегі мамандардың білімін жетілдіру мәселесі өте өзекті екенін байқап отырмыз. Су кодексін қабылдау барысында осы мәселелер бойынша жұмыс жасаймыз.

Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы аудандағы туындап отырған жер үлескерлері арасындағы түсінбестік мәселелерін реттеуге құқықтық бағыттағы жұмысты дамыту мәселесі. Бүгінгі таңда жер мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында қалып отыр. Жерге нақты ие болатындай мемлекеттік орталық деңгейдегі мекеменің құрылуын ұсыныс ретінде жеткізіп отыр. Бұл бағытта депутаттар әлі де зерттеу жүргізе отырып, қажетті деңгейде көтереміз.