Су тасқыны: Қостанай облысында 68 үйдің құрылысы жүріп жатыр
Қостанай облысының оңтүстік аудандарында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға арналған 68 жеке үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынатын үйлерге баспанасы жарамсыз деп танылған азаматтар қоныстанады. Мысалы, Амакнгелді ауданы бойынша мұндай отбасылардың саны – 27.
Тұрсынкүл Шәкіржанованың саман кірпіштен соғылған үйі тасқынға төтеп бере алмады. Арнайы комиссияның шешімімен баспанасы тұруға жарамыз деп танылған оған жақында жаңа үй беріледі.
Тұрсынкүл Шәкіржанова, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Жағдайымызды жасап жатыр. Көмектерін беріп жатыр. Жаңадан үйімізді салып беріп жатыр. Алла бұйыртса, шілде айының аяғында кіресіздер деп аудан әкімі жиналысында айтты. Қуаныштымыз. Үйіміз жақсы. Келіп қарап тұрамыз, жөндеу жұмысын көріп. Жақсы салынып жатыр.
Ал Үрпек ауылының тұрғыны Самал Ташмағанбетованың үйіне еріген қар суы кірген. Айтуынша, мұндай жағдай жылда қайталанады екен. Биыл да тұрғын-жайға келген зиянды өндіру жөнінде өтініш білдірген.
Самал Ташмағанбетова, Үрпек ауылының тұрғыны:
- Жылда су болады. Қардың суы ғой ол. Биыл енді өте көп болды. Жыл сайын келетіннен көп болды. Есіктің алды кәдімгідей көл-дария болды. Жағдайымыз жөндеуге келмейді. Қолымыздан келгенше шамалы-шамалы үйдің ішіне ғана алып жатырмыз. Ал былай сыртын жөндеуге қаражатымыз жетпейді.
Бүгінге дейін Амангелді ауданы бойынша осындай 400 өтініш түскен. Ауыл тұрғындары баспананы жөндеуге кеткен шығынды өтеп беруді сұрайды.
Малшыбай Қаласов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда арыздар түсіп жатыр. Бүгінде сол адамдармен жұмыс жасалып жатыр. Біріншіден, ауданнан бөлінген комиссиялар барып қарап, берген өтініштерінің қаншалықты нақты екендігі, қаншалықты су тасқынынан зардап шегіп, жарамсыз екені анықталады. Одан кейін тексеруге Қостанайға жіберетін боламыз.
Арнайы комиссияның осыған дейін жүргізген тексерісі бойынша Амангелді ауданында 153 үй тасқыннан зардап шеккен. Оның 68-і жөндеуге жарамды. Қалған отбасыларға басқа үй сатып алынды және аудан орталығында жаңадан үйлер салынып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг.