Алматыдағы Наурызбай ауданында 120-ға жуық үй ауызсусыз отыр

Алматыдағы Наурызбай ауданының тұрғындары суға жарымай отыр, деп хабарлайды 24KZ.

10 жыл бұрын облыстан қала құрамына кірген шағын ауданда әлі күнге дейін ауызсу мәселесі шешілмей келеді. Тұрғындар тіршілік нәрін Қарғалы өзенінен ішуге мәжбүр. Былтыр әкімдік су болады деп сендірген. Бірақ уәде орындалмады.

Қала тұрғыны Қалжан Махмұтқызының бұл ауданда тұрып жатқанына 25 жыл. Көшіп келген кезде ауызсу беріледі деп үміттенген. Алайда үміті әлі күнге дейін ақталмады. Суды үйдің қасында ағып жатқан Қарғалы өзенінен тартып, тазартып, күнделікті тұрмыс қажетіне пайдаланады. Электр жарығы да жиі сөніп қалатындықтан, су да ақпай қалады. 

Қалжан Махмұтқызы, қала тұрғыны:

- Көп адамның холодильниктері сынып қалды. Ал суға келетін болсақ... Нешінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Су деген масқара! Су жоқ. Даладағы суды ішіп жатыр дегенге жұрттар таңғалады ғой. Фильтр. Тасып әкелеміз.

Шағынаудан бұрынғы 4 бірдей бау-бақша серіктестігін біріктіру арқылы пайда болды. Қала құрамына кіргеннен кейін 2022 жылы ауызсу жүйесі жүргізілді. Құбыр әр үйге келіп тұр. Бірақ ішінде су жоқ. Жалпы 120-ға жуық үй сусыз отыр.

Сәбит Иманғалиев, қала тұрғыны:

- Сол суды тазартып ішеміз. Таза су бірақ енді оның ішінде жаңбыр болған күндері міндетті түрде жабылып қалады. Сөйтіп, жұрт ел кезіп кетеді. Сатып алады көпшілігі.

Ал бұл мәселеге жауапты аудандық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі болса: «су проблемасын шешу жұмысы жүріп жатыр», – деді. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бірақ су тек Қарғалы су сүзгі станциясының құрылысы аяқталғаннан кейін ғана берілмек. 

Көкен Қайратұлы, Наурызбай аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Су сүзгі станциясы тауда соғылып жатқан «Қарағайлы» шағынауданында. Сол біткеннен кейін су беріледі. Ал тұрғындар осы уақытқа дейін суды қайдан алды, әзірге содан алып отыр. Жаз айларында кішкене судың қысымы жетіспейді. Жаңа станция біткен кезде сумен қамтамасыз етілетін болады. Ол осы жылдың қараша айына дейін жоспарланған.

Егер Қарғалы су сүзгі бекетінің құрылыс жоспарлы мерзімде аяқталса, онда келесі жылы Наурызбай ауданында орналасқан мыңдаған үйге су келеді.

Жалпы Алматы мен Алматы облысының тау бөтерінде орналасқан елді мекен мен шағынаудандарында ауызсу мәселесі өте өзекті болып отыр. Кеңес заманынан қалған құбырлар мен кәріз жүйесі әбден тозған. Ал жаңарту жұмысына қыруар қаржы мен уақыт керек.

Авторлары: А. Садуақас, С. Жұмабаев.